
Вирустық гепатит - бұл, көптеген инфекциялық және инфекциялық емес факторлардан, соның ішінде алкогольден, кейбір фармакологиялық препараттардан және т.б. болуы мүмкін бауырдың қабынуы. Алайда, гепатиттің пайда болуына әсер ететін - вирустар болып табылады. Бұл вирустар әртүрлі жолдармен таралады. А және Е гепатиті — ластанған тамақ өнімдері мен су арқылы таралады. В, С және Д гепатиті вирустарының таралуы қан арқылы (есірткі құралдарын
инемен салған кезде, татуировка, пирсинг жасатқан кезде, тері мен шырышты қабаттардың тұтастығының бұзылуына байланысты косметикалық, маникюр, педикюр және, басқа процедуралар кезінде стерильді емес құралдарды қолданған кезде), жұқтырған анадан балаға жатырда немесе босану кезінде, сондай-ақ қорғалмаған жыныстық қатынас кезінде. В, С және Д гепатиті вирустарын жұқтыру қаупі есірткіні инъекциялық жолмен тұтынумен байланысты. Қанға препараттарды құю кезінде, оларды дайындау мен пайдалануға қойылатын талаптар бұзылған болса, инфекция қаупі сақталады.

Бұл вирустардың барлығы шаршау, тәбеттің төмендеуі, дене қызуы көтерілуі және сарғаюмен сипатталатын жіті гепатитті тудырады. Көптеген адамдар толық жазылып кетеді, бірақ адамдардың аз бөлігі арасында жіті гепатит өлімге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, В және С гепатитінің инфекциясы созылмалы түрге ауысып, цирроз және бауыр қатерлі ісігінің дамуына әкелуі мүмкін.

Гепатит инфекциясын қауіпсіз тамақ пен сумен, вакциналармен, донорлық қанды тексерумен, стерильді инъекциялық жабдықтармен және инфекциялық бақылаумен қамтамасыз ету арқылы болдырмауға болады.

Вирустық гепатиттердің алдын алу.
1. Табиғатта немесе саяжайда болған кезде қайнатылмаған су ішпеңіз, көкөністер мен жемістерді, тіпті бақшаңыздан алсаңыз да, мұқият жуыңыз, өнімдерді термиялық өңдеуде немқұрайлық танытпаңыз, ашық тоғандарда шомылу кезінде суды жұтпаңыз, дәретханадан кейін, тамақтанар алдында, жұмыстан кейін, көшеден кейін қолыңызды ағынды сумен және сабынмен мұқият жуыңыз.
2. Балаларды вакцинациялаудан бас тартпаңыз: В гепатитіне қарсы алғашқы вакцинация жаңа туған нәрестелерге перзентханада жасалады. В гепатитіне қарсы вакцинацияның тиімділігі жоғары, вакцинация нәтижесінде В вирустық гепатитімен сырқаттанушылықтың күрт төмендеуі байқалды.
3. Ешқашан басқа біреудің ұстарасын, тырнақ құралдарын, тіс щеткасын, сүлгіні пайдаланбаңыз.
4. Үйде және күмәнді салондарда жасалатын татуировка (татуаж), маникюр, пирсинг және басқа косметикалық процедуралардан аулақ болыңыз.
5. Медициналық мекемелерде диагностикалық және емдеу процедураларын жүргізу кезінде негізінен стерильді құралдар қолданылуы тиіс екендігін есіңізде болсын.