Денсаулық сақтау саласында дезинфекция, дезинсекция, дератизация бойынша қызмет көрсетуге лицензия алу кезіндегі талаптар

Денсаулық сақтау саласында дезинфекция, дезинсекция, дератизация бойынша қызмет көрсетуге лицензия алу кезіндегі талаптар

 

«Денсаулық сақтау саласында дезинфекция, дезинсекция, дератизация бойынша қызмет көрсетуге лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі ҚР ДСМ 2024 жылғы 2 шілдедегі № 51 «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы кейбір бұйрықтарға өзгерістер енгізу туралы» бұйрығымен (1-қосымша) регламенттелген.

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 15 жұмыс күнін құрайды, мемлекеттік қызмет «электрондық үкіметтің» www.egov.kz, www.elicense.kz (бұдан әрі – Портал) веб-порталы арқылы көрсетіледі.

Мемлекеттік қызмет ақылы түрде көрсетіледі, лицензия бергені үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде лицензиялық алым, ал лицензияны қайта ресімдегені үшін лицензия беру кезіндегі ставканың 10%-ы мөлшерінде алым алынады.

Лицензия алу үшін белгіленген нысан бойынша өтініш жолданады, лицензияланатын қызмет түріне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестік туралы мәліметтер нысаны, әкімшілік-тұрмыстық және өндірістік үй-жайларға, сондай-ақ дезинфекция, дезинсекция, дератизация құралдары мен препараттарын сақтау объектісіне санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының электрондық көшірмесі ұсынылады.

 

Денсаулық сақтау саласында дезинфекция, дезинсекция, дератизация бойынша қызмет көрсетуге арналған лицензияланатын қызмет түріне қойылатын біліктілік талаптары:

 

  1. Штатта ҚР ДСМ 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-305/2020 бұйрығына сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық бейіндегі жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар, білім және ғылым ұйымдарында немесе танылған аккредиттеу органдарының тізіліміне енгізілген дезинфекция, дезинсекция, дератизация жөніндегі кәсіби өзін-өзі реттейтін ұйымдарда денсаулық сақтау саласындағы дезинфекция, дезинсекция, дератизация мәселелері бойынша сертификаттау курсынан өткен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет дәрігерінің немесе маманының болуы.
  2. Штатта ҚР ДСМ 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-305/2020 бұйрығына сәйкес «Гигиена және эпидемиология» мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік білімі немесе техникалық және кәсіптік медициналық білімі бар, білім және ғылым ұйымдарында немесе танылған аккредиттеу органдарының тізіліміне енгізілген дезинфекция, дезинсекция, дератизация жөніндегі кәсіби өзін-өзі реттейтін ұйымдарда денсаулық сақтау саласындағы дезинфекция, дезинсекция, дератизация мәселелері бойынша кәсіптік даярлықтан немесе сертификаттау курсынан өткен нұсқаушы-дезинфектордың болуы.
  3. Меншік құқығында (шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару) және (немесе) кемінде бір жыл мерзімге жалдау (құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркелген) құқығында әкімшілік-тұрмыстық және өндірістік үй-жайлардың (дезинфекция, дезинсекция, дератизация құралдары мен препараттарын пайдалана отырып, жемдерді, тұзақтарды, жұмыс ерітінділерін дайындауға және (немесе) өлшеп-орауға арнайы жабдықталған), сондай-ақ дезинфекция, дезинсекция, дератизация құралдары мен препараттарын сақтау объектісінің болуы. Олар келесі санитариялық қағидаларға сәйкес келуі тиіс: ҚР ДСМ 2022 жылғы 29 шілдедегі № ҚР ДСМ-68 бұйрығымен бекітілген «Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар», ҚР ДСМ 2021 жылғы 3 тамыздағы № ҚР ДСМ-72 бұйрығымен бекітілген «Өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылысжайларға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар», ҚР ДСМ м.а. 2022 жылғы 11 қаңтардағы № ҚР ДСМ-2 бұйрығымен бекітілген «Мекендеу ортасына және адам денсаулығына әсер ету объектілері болып табылатын объектілердің санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар».
    Қызметті жүзеге асыру жоспарланып отырған объектіге, әкімшілік-тұрмыстық және өндірістік үй-жайларға, сондай-ақ дезинфекция, дезинсекция, дератизация құралдары мен препараттарын сақтау объектілеріне санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болуы.
  4. Төмендегілерді қамтитын минималды материалдық-техникалық жарақтандырудың болуы: бүріккіш және тозаңдатқыш жабдықтар; дезинфекция, дезинсекция және дератизация құралдары мен препараттарын сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтары; жеке қорғаныш құралдары (костюмдер, қолғаптар, бас киімдер, респираторлар); ҚР және Еуразиялық экономикалық одақ аумағында қолдануға рұқсат етілген дезинфекция, дезинсекция және дератизация құралдары мен препараттары.
  5. Дезинфекция, дезинсекция және дератизация құралдарымен және препараттарымен жұмысқа тартылатын мамандар (нұсқаушы-дезинфектор, дезинфектор) әр бес жыл сайын дезинфекция, дезинсекция, дератизация бойынша кәсіптік даярлықтан және жыл сайын жұмысты қауіпсіз жүргізу, дезинфекция, дезинсекция және дератизация құралдарымен және препараттарымен уланған кезде алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсету мәселелері бойынша нұсқаулықтан өтеді.

 

Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер:

 

  • Республика заңдарымен қызметтің осы түрімен айналысуға тыйым салынса;
  • лицензиялық алым төленбесе;
  • өтініш беруші біліктілік талаптарына сәйкес келмесе;
  • өтініш берушіге қатысты қызметке немесе лицензиялануға жататын қызметтің жекелеген түрлеріне тоқтату немесе тыйым салу туралы соттың заңды күшіне енген шешімі (үкімі) болса;
  • сот орындаушысының ұсынысы негізінде сот өтініш беруші-борышкерге лицензия беруге уақытша тыйым салса;
  • өтініш беруші лицензия алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігі анықталса.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Дата публикации
04 мая 2026