Прекурсорлар дегеніміз не?
Прекурсор – мақсатты заттың түзілуіне әкелетін химиялық реакцияға қатысатын зат, сондай-ақ химиялық синтездің келесі кезеңдерінде пайдаланылатын бастапқы материал. Прекурсорларға сірке қышқылының ангидриді, ацетон, металл сынап, метил спирті, пикрин қышқылы, күкірт және тұз қышқылдары, толуол, фосфор, хлороформ, эфедрин және басқа да заттар жатады.
Прекурсорлар күрделірек химиялық қосылыстарға айналу қабілетінің арқасында кеңінен қолданылады. Олар әртүрлі салаларда көптеген пайдалы өнімдер мен материалдарды өндірудің негізі болып табылады.
Күшті әсер ететін улы заттар (КӘУЗ) дегеніміз не?
КӘУЗ – күшті әсер ететін улы заттар деген ұғымның қысқартылған атауы. Бұл – өнеркәсіптік кәсіпорындардағы авариялық шығарындылар немесе басқа да оқиғалар кезінде адамдар мен жануарлардың жаппай улануына, сондай-ақ қоршаған ортаның ластануына әкелуі мүмкін химиялық қосылыстар.
КӘУЗ-дің негізгі сипаттамасы – жоғары уыттылығы. Олар төмен концентрацияларда да тірі организмдерге зиян келтіруі мүмкін. Мұндай заттар сыртқы ортаға таралған жағдайда өмірге қауіп төндіретін ластану аймақтары пайда болуы ықтимал.
КӘУЗ химия, газ өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында және басқа да салаларда қолданылады.
КӘУЗ қатарына хлор, аммиак, циан сутегі (көгерткіш қышқыл), күкіртті газ, бензол және фторлы сутек жатады.
КӘУЗ-дің қоршаған ортаға таралуына байланысты авариялар халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға елеулі қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай заттарды пайдаланатын кәсіпорындарда қорғану жүйелері әзірленіп, төтенше жағдайлар туындаған кезде әрекет ету жоспарлары қолданылады.
Прекурсорлар мен КӘУЗ жоғары уытты химиялық заттарға жататындықтан, оларды сақтауға арналған қоймаларды күтіп-ұстау, пайдалану және тасымалдау кезінде қатаң талаптарды сақтау қажет. Бұл талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 3 тамыздағы № ҚР ДСМ-72 бұйрығымен бекітілген «Өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен реттеледі.
Қышқылдар, сілтілер сияқты агрессивті сұйықтықтардың, сондай-ақ сынап, еріткіштер және биологиялық белсенді заттар секілді зиянды заттардың әсер етуі ықтимал орындарда еден жабыны осы заттардың әсеріне төзімді, оларды сіңірмейтін, тазалауға және залалсыздандыруға жарамды материалдардан жасалуы тиіс.
Аталған заттар бар ағынды суларды бұру үшін жергілікті су бұру құрылыстары көзделеді. Өндірістік кәріз жүйесіне жіберер алдында оларды алдын ала бейтараптандыру қажет.
КӘУЗ-ді, прекурсорлар мен пестицидтерді бастырма астында немесе ашық аспан астында сақтауға жол берілмейді. КӘУЗ, химиялық заттар, прекурсорлар мен пестицидтер сақталатын үй-жайларда табиғи және механикалық ағынды-сорғылы желдету жүйесі қарастырылуы тиіс.
КӘУЗ-ді сақтау, өлшеп орау және құюға арналған қойма үй-жайларының қабырғаларын, еденін, төбесін және ішкі құрылымдарын әрлеу үшін химиялық әсерден қорғайтын, бетінде шаң мен буды жинамайтын немесе сіңірмейтін, сондай-ақ оңай тазартуға және жууға болатын материалдар пайдаланылуы қажет.
КӘУЗ мен прекурсорлар сақталатын қоймаларда залалсыздандыру құралдары, жеке қорғаныш құралдары және медициналық дәрі қобдишасы болуы тиіс.
Арнайы киімсіз және жеке қорғаныш құралдарынсыз жұмыс істеуге, сондай-ақ ақаулы немесе пайдалануға жарамсыз жеке қорғаныш құралдарымен жұмыс атқаруға жол берілмейді.
КӘУЗ мен пестицидтерді сақтауға арналған үй-жайлар сөрелермен және табиғи (терезелер, желкөздер) немесе мәжбүрлі желдету жүйесімен жабдықталуы қажет. Қойма жанында қолжуғыш, ал ірі базистік қоймаларда душ қондырғысы болуы тиіс. Қойма құлыппен жабылуы керек.
Пестицидтер мен КӘУЗ сақталатын қоймалар таза ұсталуы тиіс.
Пестицидтерді азық-түлік өнімдерімен, мал азығымен, әртүрлі материалдармен және шаруашылық мақсаттағы заттармен бірге бір қойма үй-жайында сақтауға жол берілмейді.
Қоймада персоналдың болуына пестицидтерді қабылдау, түсіру және есепке алу кезінде ғана рұқсат етіледі.
Пестицидтерді тасымалдау және босату техникалық шарттарға сәйкес келетін берік, тығыз жабылатын ыдыста жүзеге асырылуы тиіс. Ыдысқа өшпейтін бояумен жазылған заттаңбалар орналастырылуы қажет. Пайдаланылмаған пестицидтердің қалдықтары ыдысымен бірге қоймаға тапсырылуы тиіс.
Пестицидтерді зауыттық қаптамасыз немесе қаптамасының бүтіндігі бұзылған жағдайда қоймадан босатуға жол берілмейді.
Жыл сайын жылдың соңында қоймада пестицидтерге түгендеу жүргізіліп, қалдықтарды есептен алу актісі жасалады.
Пестицидтерді, КӘУЗ-ді, химиялық заттар мен прекурсорларды тасымалдау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 11 қаңтардағы № ҚР ДСМ-5 бұйрығымен бекітілген «Жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға арналған көлік құралдарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Ауыл шаруашылығында қолдануға тыйым салынған және пайдалануға жарамсыз пестицидтердің қалдықтары кәдеге жаратылғанға дейін қоймада сақталады.