Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті шаруашылық жүргізуші субъектілерден декреттелген халық тобына гигиеналық білім беру бойынша бірнеше мәрте сұрақтарының түсуіне байланысты «Гигиенист кеңестері» айдарында жиі қойылатын сұрақтардың жауаптарын жариялауды қажет деп санады.
Қандай нормативтік құжат міндетті гигиеналық оқытуды талап етеді?
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI ҚРЗ Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 82-бабының 7-тармағына сәйкес, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар декреттелген халық тобына жататын қызметкерлерді гигиеналық оқытуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ Кодекстің 82-бабының 9-тармағына сәйкес гигиеналық тексеруден өткенін куәландыратын құжаты жоқ адамдарды жұмысқа жібермеуге міндетті. Халықтың декреттелген топтарына гигиеналық ағарту жұмыстарын жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 16 қарашадағы №195/2020 ҚР ДСМ бұйрығымен бекітілген «Халықтың декреттелген тобындағы адамдарды гигиеналық оқыту қағидаларын бекіту туралы» ережемен(бұдан әрі – Ереже) айқындалады.
Декреттелген халық тобына кімдер жатады және гигиеналық білім беруге жататын декреттелген халық тобының тізімін қайдан табуға болады?
Кодекстің 1-бабының 280-тармағына және Қағидалардың 1 тарауының 4-тармақшасына сәйкес халыққа қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін және айналасындағы адамдарға инфекциялық және паразиттік аурулар жұқтыру үшін барынша жоғары қауіп төндіретін адамдар жатады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы «Гигиеналық оқытуға жататын халықтың декреттелген тобының тізбесін бекіту туралы» ҚР ДСМ-268/2020 бұйрығымен халыққа қызмет көрсету салаларындағы қызметкерлердің тізбесі бекітілді. Сондай-ақ гигиеналық дайындықтан өтуге міндетті тұлғалардың тізімі Ереженің 1-қосымшасында гигиеналық оқыту бағдарламаларына сәйкес тізіммен қалыптастырып көрсетілген.
Гигиеналық оқудан өтудің жиілігі қандай?
Ереженің 2-тарауының 3-тармағына сәйкес бастапқы гигиеналық дайындықтан халықтың декреттік тобының адамдары жұмысқа қабылданар алдында және одан кейін жылына бір рет аралықпен өтеді. Халықтың декреттелген тобының гигиеналық оқыту бойынша оқыту өндірістен қол үзіп жүргізіледі.
Гигиеналық оқыту кімнің қаражатынан жүргізіледі?
Кодекстің 96-бабының 2-тармағына және Ереженің 2 –тарауы, 7 тармағына сәйкес гигиеналық оқытуға ақы төлеуді халықтың декреттелген тобының өз бетінше не тараптардың келісімі бойынша жұмыс беруші жүзеге асырады.
Гигиеналық оқытуды өткізуге кім құқылы?
Кодекстің 96-бабының 1-тармағына және Қағидалардың 2-тарауының 5-тармағына сәйкес халықтың декреттелген топтарын гигиеналық оқыту жөніндегі қызметті профилді санитарлық-гигиеналық (медико-профилактикалық) жоғары білімі бар жеке тұлғалар немесе заңды тұлғалардың өкілдері жүзеге асырады.) Кодекстің 24-бабының 1-тармағына сәйкес бұл қызмет хабарлама беру бойынша жүзеге асырылады.
Гигиеналық оқытуды жүргізетін ұйым декреттелген контингентті тек солардан ғана оқуға мәжбүрлей ала ма?
2012 жылдың шілдесінен бастап халықтың декреттелген тобына жататын адамдарға гигиеналық білім беру қызметтері бәсекелес ортада. Осыған байланысты әрбір объект басшысы немесе қызметкер гигиеналық оқытудың қай жерде өтетінін өзі шешеді.
Департамент халықтың декреттелген тобына гигиеналық оқытуды жүргізудің сапасын бақылауды мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары: қызметінің басталғаны және тоқтатылғаны туралы хабарламаларды мониторингтеу; гигиеналық оқытуды жүргізу тәртібі мен бағдарламасының сақталуын тексеру; тексерулер, профилактикалық бақылау мен қадағалау барысында декреттелген топқа жататын адамдардың білімін тексеру арқылы жүзеге асыратынын ескертеді. Сондай- ақ, «персонал арасында гигиеналық оқудың болмауы» тәуекел критерийлерін бағалау бойынша тексеру парақтарында әкімшілік жауапкершілікті көздейтін өрескел бұзушылық болып табылатынын еске салады.
Қызметкерлеріңізді жоғары сапалы гигиеналық оқыту және оны іс жүзінде қолдану Сізге әкімшілік жауапкершіліктен құтылуға ғана керек емес, ол Сіздің өнімдеріңіз бен қызметтеріңіздің қауіпсіздігіне сенімділік береді!