Қазіргі уақытта дүкен сөрелерінде «Халал» белгісі бар өнімдердің көптеген түрлерін көруге болады. Соңғы жылдары «Халал» бренді тамақ өнеркәсібі, фармацевтика және косметология, білім беру, денсаулық сақтау және қызмет көрсету секторы сияқты салаларда белсенді қолданылады.
Халал – «исламда рұқсат етілген нәрсенің барлығы». Бұл ұғым көбінесе дұрыс дайындалған және мұсылмандарға рұқсат етілген тағамға қатысты қолданылады.
Көбісі «Халал» өнімдеріне тек ет өнімдері жатады деп ойлайды. Алайда, оған ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа да түрлері жатады: балық, сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа, құс өнімдері және т.б., сондай-ақ май өнімдері, астық және оны қайта өңдеу өнімдері, қант өндірісінің өнімдері және кондитерлік өнімдер, көкөністер, жемістер және тағы басқалар.
«Халал» деп белгіленген өнімдер ислам ережелеріне сәйкес дайындалуы керек және мұсылмандарға жеуге тыйым салынған компоненттер болмауы керек (шошқа еті, қан, жыртқыш аңдар мен құстардың еті, ит, есек еті және т.б.).
Бұл тыйымдар негізгі шикізатқа ғана емес, қоспалар, толтырғыштар, дәмдеуіштер, табиғи шұжық қабықтары, желатинді қоюландырғыштар және т.б. сияқты қосымша шикізат пен материалдарға да қатысты. Сонымен қатар, «Халал» деп белгіленген тағам құрамында алкоголь, улы және есірткі заттары болмауы керек.
2020 жылдан бастап Қазақстанда «Халал» өнімдері саласындағы ұлттық стандарттар қолданысқа енгізілді:
- ҚР СТ 3483-2019 «Халал өнімдері. Негізгі ережелер» - Халал өнімдеріне және оны өндіру, сақтау, тасымалдау және таңбалау процестеріне қатысты негізгі ережелерді белгілейді;
- ҚР СТ 3453-2019 «Халал өнімдері. Ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарын сою жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар» - Халал тамақ өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарын сою жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады;
- ҚР СТ 3485-2019 «Халал өнімдері. Сәйкестікті растауды жүргізу тәртібі» - Халал өнімдерінің, процестерінің және қызметтерінің сәйкестігін растау бойынша жұмыстарды жүргізу тәртібін белгілейді;
- ҚР СТ 3484-2019 «Халал өнімдерінің ұлттық сәйкестік белгісі. Техникалық талаптар және таңбалау тәртібі» - Халал өнімдерін өндірудің ұлттық сәйкестік белгісіне қойылатын техникалық талаптарды, сондай-ақ Халал өнімдерін таңбалау тәртібін белгілейді;
- ҚР СТ 3454-2019 «Халал қоғамдық тамақтандыру қызметтері. Жалпы талаптар» - меншіктің барлық нысанындағы, әр түрлі үлгідегі және сыныптағы қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарына, сондай-ақ қоғамдық тамақтандыру саласындағы (мейрамхана, бар, кафе, асхана, дәмхана, жылдам қызмет көрсету кәсіпорындары, буфет, кафетерий, кофейня, аспаздық дүкен) қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаларға қойылатын жалпы талаптарды белгілейді.