Алматы облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 1 мамырдағы қаулысына сәйкес, балаларды сауықтыру ұйымдарының қызметіне (қызыл аймақта толтырылуы 30%-дан артық емес, сары аймақта толтырылуы 50%-дан артық емес, жасыл аймақта балалар саны шектеусіз) рұқсат берілген.
Облыста 15 мыңға жуық оқушыларды сауықтыру және олардың уақытын ұйымдастыру үшін қала сыртындағы 26 маусымдық сауықтыру лагері және 1 жыл бойғы лагерьдің жұмыс істеуі жоспарланған.
15 маусымдағы жағдай бойынша Еңбекшіқазақ, Панфилов, Талғар аудандары мен Текелі, Қапшағай қалаларындағы 7 лагерь сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алып, оның ішінде 4 лагерь өз жұмысын бастады.
Сауықтыру лагерьлері шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин кезіндегі қызмет алгоритміне сәйкес жұмыс атқарады.
Алгоритмге сәйкес, стационарлық демалыс және сауықтыру ұйымдарының персоналын жұмысқа жіберу жұмыс басталғанға дейін 72 сағаттан кешіктірмей жүргізілген COVID-19-ға зертханалық зерттеудің теріс нәтижесі немесе COVID-19-ға қарсы вакцинацияның толық курсын алғаны туралы құжаттамалық растау болған кезде жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, келген кезде әрбір балаға денсаулық жағдайы туралы құжаттар (079/у нысаны), инфекциялық аурулармен, оның ішінде COVID-19 бойынша байланыстың болмауы туралы анықтамалар, келуден кемінде 72 сағат бұрын жүргізілген COVID-19-ға зертханалық зерттеудің теріс нәтижесі бар құжат болуы тиіс.