2021 жылдың І тоқсанында Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен жүргізілген өнім қауіпсіздігі мониторингінің нәтижелері зерттелген тамақ өнімдерінің 12%-ы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтінін көрсетті.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама нәтижесі бойынша сәйкес келмейтін сынамалардың ең көп пайызы құс етіне (24%), ет және ет өнімдеріне (19%), балық және балық өнімдеріне (16%) тиесілі.
Анықталған сәйкессіздіктердің 98%-да таңбалаудың бұзушылығы анықталған.
Таңбалау – бұл қаптамаға жазулар, суреттер, белгілер, символдар немесе олардың комбинациясы түрінде жазылған өнім туралы ақпарат. Дәл осы таңбалау тұтынушыларды сапасыз және денсаулыққа қауіпті өнімдерді сатып алудан қорғауға арналған.
Күнделікті сұранысқа ие азық-түлік өнімдерін таңдағанда келесі бірнеше кеңестерге назар аудару керек:
- Қаптама. Қаптама таза, құрғақ, зақымдалмаған, майыспаған болуы тиіс. Қаптамада міндетті түрде, оның тамақ өнімдерін сақтауға арналғанын, жасалған материал түрін және оны кәдеге жарату мүмкіндігін білдіретін жазулар, белгілер мен символдар болуы керек.
Егер Сіз таңдаған өнімнің қаптамасы зақымдалған, ластанған болса және қаптамада жоғарыда көрсетілген таңбалар болмаса, оны сатып алудан бас тартыңыз;
- Таңбалау. Таңбалау түсінікті, жеңіл оқылатын, сенімді ақпаратпен қамтылған, тұтынушыларды жаңылыстырмайтын және тамақ өнімнің жарамдылық мерзімі аралығында сақталатындай болуы қажет. Тамақ өнімі туралы барлық ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде болуы тиіс.
Буып-түйілген тамақ өнімдерінің таңбалауында міндетті түрде: өнімнің атауы, оның құрамы, мөлшері, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, дайындаушының атауы мен орналасқан жері, пайдалану жөніндегі ұсынымдар және (немесе) шектеулер, тағамдық құндылығының көрсеткіштері, ГМО-ның болуы туралы мәліметтер, нарық айналымының бірыңғай белгісі көрсетілуі керек.
Бөлшек сауда ұйымдары тамақ өнімдерін тұтынушы болмаған кезде буып-түйіген қаптамасында немесе оған бекітілген заттаңбасында келесі мәліметтерді көрсетулері тиіс: тамақ өнімінің атауы, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі және сақтау шарттары.
Егер Сіз таңбалауында толық ақпараты жоқ өнімді байқасаңыз, онда мұндай өнімді сатып алудан бас тартыңыз;
- Жарамдылық мерзімі және сақтау шарттары.
Өндірушінің таңбалауда көрсетілген сақтау шарттарына назар аударыңыз. Мысалы, егер өндіруші мұздатылған жартылай фабрикаттарды минус 18°С температурада сақтау қажет деп орнатса, ал Сіз жартылай фабрикаттардың бір-біріне жабысқан, қаптамасы деформацияланғанын байқасаңыз, онда бұл өнімдердің ерігенін білдіреді. Мұндай өнім тек сапасыз ғана емес, сонымен қатар қауіпті болуы мүмкін екенін біліңіз. Ерекше иісі бар өнімдер (майшабақ, дәмдеуіштер және т.б.) иісті сіңіріп алатын өнімдерден бөлек сақталуы тиіс. Шикі өнімдерді дайын тамақ өнімдерімен бірге сақтауға жол берілмейді.
Тез бұзылатын тағамдарға (торттар, тәтті тоқаштар, майонез қосылған салаттар, салқын тағамдар және т.б.) ерекше назар аударыңыз. Егер өнімдер суықсыз сақталса, онда ол жұқпалы аурулар мен тамақтан улануды тудыруы мүмкін.
Ешбір жағдайда жарамдылық мерзімі өткен және суықсыз сақталған өнімдерді сатып алмаңыз.
- Өнімнің сәйкестігін растайтын құжаттар (сәйкестік туралы декларация, мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, ветеринариялық анықтама немесе сертификат). Сіздің сатушыдан аталған құжаттарды талап етуге толық құқығыңыз бар. Егер Сіздің заңды талабыңызға сәйкес, сатушы көрсетілген құжаттарды ұсынбаса, өнімді сатып алудан аулақ болыңыз.