Ішек жұқпаларының алдын алудың қарапайым ережесі:
Тағамды дайындау алдында және пісіру кезінде қолыңызды мұқият жуыңыз. Тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, тағам дайындалатын жұмыс беттерінің, ас үй құралдарының және ыдыстардың тазалығын сақтау да маңызды.
Дайын тағам өнімдері шикі өніммен жанасу арқылы ластануы мүмкін, мұндай тағамның ластануы өз кезегінде микроорганизмдердің көбеюі арқылы тағаммен улану жағдайларының туындауына әкелуі мүмкін.
Көптеген шикі тағамдар, негізінен құс еті, ет және шикі сүт, көбінесе қоздырғыштармен зақымдалады. Сондықтан тағамды толық пісіру немесе қуыру денсаулықты қорғаудың маңызды шарттарының бірі болып табылады.
Тез бұзылатын тағамдарды бөлме температурасында ұзақ уақыт сақтауға болмайды. Егер мұндай өнімдер 2 сағаттан артық бөлме жағдайында тұрса, олардың құрамындағы микроорганизмдер қарқынды түрде көбейе бастайды. Сондықтан дайын тағамды әзірленгеннен кейін мүмкіндігінше тезірек тұтыну ұсынылады.
Ішуге, тағам дайындауға және жемістер мен көкөністерді жууға тек сапасы мен қауіпсіздігіне сенімді суды қолдану қажет. Ластанған су әртүрлі ауру қоздырғыш микроорганизмдердің көзі болуы мүмкін және тағамның қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.