Алматы облысында кене энцефалитіне қарсы 5000-нан астам адамға екпе салынды
Көктем мен жаз мезгілдерінде кеміргіштер, кенелер және жануарлардың белсенділігі артып, аса қауіпті жұқпалы инфекциялардың таралу қаупі күшейеді. Бұл туралы Алматы облысы санитарлық-эпидемологиялық бақылау департаментінің басшысы Марат Исмаилов баспасөз мәслихатында айтты.
Аса қауіпті инфекциялар – эпидемиялық тұрғыдан жоғары қауіп төндіретін аурулар тобы. Олардың қатарына сібір жарасы, құтыру, туляремия, оба, кене энцефалиті және басқа да жұқпалар жатады. Бұл аурулар дер кезінде алды алынбаса, ауыр асқынуларға және өлімге әкелуі мүмкін.
Сібір жарасы – аса қауіпті инфекциялардың бірі. Оның қоздырғышы топырақта ондаған жылдар бойы сақтала береді.
«Облыс аумағында 87 стационарлық қолайсыз пункт және 99 топырақтық ошақ бар. 2025 жылы 92,5 млн теңге бөлініп, 70 сібір жарасы қорымы жаңартылды. Соңғы жағдай 2024 жылы Ұйғыр ауданында тіркеліп, 14 адам зардап шеккен» – дейді Марат Исмаилов.
Ауру көбінесе ауырған малмен байланыс кезінде, сондай-ақ жеткілікті термиялық өңделмеген ет өнімдерін тұтыну арқылы жұғады. 2025 жылы 1000-нан астам адам вакцинациядан өтті, ал 1140 топырақ сынамасы зерттеліп, нәтижелері теріс болды.
Құтыру – жүйке жүйесін зақымдайтын өлімге әкелетін вирустық ауру. Жыл сайын облыста 4 мыңнан астам адам медициналық көмекке жүгінеді. Оның 85%-ы иттен, 10%-ы мысықтан, 3%-ы кеміргіштерден жұғады. Зардап шеккендердің 50%-ы – балалар. 2025 жылы 28 480 қаңғыбас жануар ауланып, 158 жануар иесі жауапкершілікке тартылды. Құтырудың алдын алуда үй жануарларын уақытылы вакцинациялау және жануар тістеген жағдайда дереу дәрігерге қаралу аса маңызды.
«Туляремия бойынша соңғы 10 жылда ауру тіркелмегенімен, облыстың 24 елді мекенінде табиғи ошақтар сақталған. 2025 жылы жүргізілген зерттеулерде 5600 кененің және 514 сыртқы орта сынамасының 68-і (1,1%) оң нәтиже көрсеткен. Бұл табиғи ошақтардың белсенді екенін дәлелдейді. Сол себепті тәуекел топтарына жататын адамдарға вакцинация жүргізіліп, жалпы 1814 адам қамтылды»,-деп атап өтті Марат Әділжанұлы.