Медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың алдын алу
Медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялар (бұдан әрі – МККБИ) — ауруханаға жатқызылған науқастың негізгі ауруына қосылатын бактериялық, вирустық, паразиттік немесе өзге де инфекциялық аурулар. Сондай-ақ, бұл денсаулық сақтау ұйымдарында пациенттің медициналық қызметтердің кез келген түрін алуына байланысты немесе ұйым қызметкерінің осы мекемедегі жұмысы салдарынан туындаған әртүрлі этиологиядағы, емделушіде немесе медициналық қызметкерде пайда болған ауру жағдайлары.
Медициналық көмекке байланысты инфекциялардың таралуына ықпал ететін факторлар:
- микробқа қарсы агенттерді ұтымсыз пайдалану;
- жаңа диагностикалық және емдік манипуляцияларды енгізу;
- иммунитетті басатын дәрілерді, сондай-ақ микроорганизмдердің төзімді штамдарының пайда болуына әкелетін антибиотиктерді қолдану.
МККБИ алдын алу кешенді және кең ауқымды болып табылады. Оған мыналар кіреді:
- Мекемеде инфекциялық бақылау комиссиясы құрылады, МККБИ жағдайларын тіркеу және талдау жүргізіледі. Қол гигиенасын сақтау мен жеке қорғаныш құралдарын қолдануға ерекше назар аударылады.
- Медициналық бұйымдарды дезинфекциялау және стерилизациялау толық цикл бойынша, сапасын міндетті бақылаумен жүргізілуі керек. Медициналық қалдықтармен жұмыс істеу жүйесі ұйымдастырылады және зертханалық мониторинг жүзеге асырылады.
- Медициналық ұйымдарда тиісті желдету жүйесінің жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі. Табиғи және механикалық желдету арқылы үй-жайларда ауа алмасу нормалары сақталады. Палаталарда, емшара және процедуралық кабинеттерде ауаның жеткілікті алмасуы инфекциялардың ауа-тамшылы жолмен таралуының алдын алуға бағытталған. Желдету жүйелерінің техникалық жағдайы тұрақты бақылауда болуы тиіс, сүзгілер уақтылы ауыстырылып, қажет болған жағдайда ауаны зарарсыздандыру құралдары қолданылады.