Менингококк инфекциясы - әртүрлі клиникалық көріністермен: асимптоматикалық тасымалдаудан бастап, менингококкцемия, менингит сияқты ауыр жалпыланған түрлерімен өтетін жедел инфекциялық ауру.
Бұл өмірге қауіп төндіретін және ағымы өте тез, болжау мүмкіндігі белгісіз инфекцияның бірі, әсіресе балалар үшін өте қауіпті.
Инфекцияның қоздырғышы - менингококк (Neisseria meningitidis), қоршаған орта факторларына сезімтал (күн сәулесі, ауа температурасының жоғарылауы немесе төмендеуі, дезинфекциялық заттардың әсері) және адам ағзасынан тыс кезде тез жойылады.
Инфекция көзі - қоздырғышты тасымалдаушылар, менингококкты назофарингитпен ауыратын науқастар және аурудың жалпыланған түрлерімен сырқаттанғандар. Инфекция қоздырғышы адамның мұрын қуысында дамып, сырқаттанушылықты тудырмауы мүмкін. Яғни, қоздырғыштың сау тасымалдаушылары инфекцияны басқа адамдарға жұқтырады. Көбінесе менингококктың тасымалдаушылары ересектер болып табылады.
Инфекция кенеттен басталады: қатты бас ауруы, құсу белгілері, бірнеше сағаттан кейін — бөртпе, дене қызуының 39-40°C көтерілуі, қалтырау белгілері дамиды. Ағзаның жалпы әлсіреуі, арқа мен аяқ-қолдардың ауырсынуы байқалады. Инфекцияның қауіптілігі - оның алғашқы клиникалық көріністері суық тиюге немесе тұмауға ұқсайтындығы.
Менингококк инфекциясын жұқтырған адамдардың көпшілігінде неврологиялық бұзылулар, есту қабілетінің төмендеуі, бүйректің зақымдануы, психиканың бұзылуы сияқты ауыр салдары болады.
Менингококк инфекциясының алдын алу шаралары қандай?