Алматы облысы бойынша 2026 жылдың 9 айындағы санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг нәтижелері туралы ақпарат

Алматы облысы бойынша 2026 жылдың 9 айындағы санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг нәтижелері туралы ақпарат

 

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 23 қарашадағы № ҚР ДСМ-193/2020 бұйрығымен бекітілген Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу қағидаларына сәйкес, Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен 2026 жылдың 9 айында ауыз судың, су объектілерінің, атмосфералық ауаның және топырақтың жай-күйіне санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізілді.

Орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау объектілерінен микробиологиялық көрсеткіштерге 3439 су сынамасы зерттеліп, оның 110 сынамасы (3,20%) гигиеналық нормативтердің талаптарына сәйкес келмеді (ЖМС, ЖІТБ, ТТБ). Санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 4031 су сынамасы зерттеліп, оның 133 сынамасы (3,30%) лайлылық, түстілік, жалпы кермектілік, құрғақ қалдық, сульфаттар, алюминий және тотыққыштық көрсеткіштері бойынша талаптарға сәйкес келмеді.

Орталықтандырылмаған сумен жабдықтау объектілерінен микробиологиялық көрсеткіштерге 71 сынама зерттеліп, оның 4 сынамасы (5,63%) талаптарға сәйкес келмеді. Сонымен қатар, санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 142 сынама зерттеліп, оның 2 сынамасы (1,41%) белгіленген нормативтерге сәйкес келмеді.

Су объектілеріне жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг шеңберінде:

– I санаттағы су айдындарынан микробиологиялық көрсеткіштерге 162 су сынамасы және санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 294 сынама зерттелді. Зерттелген барлық сынамалар гигиеналық нормативтердің талаптарына сәйкес келді;

– II санаттағы су айдындарынан микробиологиялық көрсеткіштерге 316 су сынамасы және санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 316 сынама зерттелді. Зерттелген барлық сынамалар белгіленген талаптарға сәйкес келді.

Атмосфералық ауа мониторингі барысында санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 7862 сынама зерттелді. Оның ішінде 8 сынамада (0,1%) ластаушы заттардың шекті жол берілетін концентрациясының артуы анықталды. Көміртек оксиді мен формальдегид мөлшерінің жоғарылауы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылындағы көлік қозғалысы қарқынды автомагистральдарда тіркелді. Анықталған фактілер бойынша аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен тиісті шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органға ақпарат жолданды.

Топырақтың жай-күйіне жүргізілген мониторинг шеңберінде бактериологиялық көрсеткіштерге 146 сынама, гельминт жұмыртқаларының болуына 146 сынама және санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 146 сынама зерттелді. Зерттелген барлық сынамалар гигиеналық нормативтердің талаптарына сәйкес келді.

Ауыз су сапасы бойынша анықталған барлық сәйкессіздік фактілері бойынша аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларымен тиісті шаралар қабылданды: санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізу туралы қаулылар шығарылды, жергілікті атқарушы органдар мен пайдаланушы ұйымдарға ақпараттық хаттар жолданды, сондай-ақ су сапасына қайта зертханалық бақылау жүргізілді.

Бірқатар елді мекендерде тиісті іс-шаралар жүргізілгеннен кейін қайталама зерттеу нәтижелері су сапасының белгіленген талаптарға сәйкестігін растады.

Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг нәтижелері Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тұрақты бақылауында.

Дата публикации
01 октября 2026