Тырысқақтың алдын алу

Тырысқақ — Vibrio cholerae бактериясы тудыратын жедел адамнан адамға берілетін жұқпалы ауру. Инфекция асқазан-ішек жолдарының зақымдануымен, көп мөлшерлі сулы іш өтумен, құсумен және ағзаның тез сусыздануымен сипатталады. Уақытылы ем жүргізілмеген жағдайда гиповолемиялық шок, метаболикалық ацидоз және өлімге әкелуі мүмкін.

 Инфекцияның негізгі таралу жолы — фекальды-оральды механизм. Жұқтыру көбінесе ластанған су, тағам өнімдері немесе жеке гигиена ережелерін сақтамау арқылы жүреді.

                   Эпидемиология

         Тырысқақ — санитарлық жағдайы төмен, таза ауыз суға қолжетімділігі шектеулі және халық тығыз орналасқан аймақтарда кең таралған жаһандық денсаулық сақтау мәселесі. Эндемиялық аймақтарға негізінен Африка және Оңтүстік Азия елдері жатады.

         Инфекция көзі — науқас адам немесе бактерия тасымалдаушы. Қоздырғыш жылы климатта және ластанған су жүйелерінде ұзақ сақталуы мүмкін.

                   Негізгі алдын алу шаралары

  • Қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз ету (қайнатылған су, бөтелкедегі су немесе тазартылған су). Ашық су көздерінен және тексерілмеген судан аулақ болу керек, белгісіз мұзды пайдаланбау;
  • Жеке гигиенаны сақтау (тамақ ішер алдынд және дәретханадан кейін қолды сабынмен үнемі жуу маңызды). Гигиенаның сақталмауы аурудың таралуына ықпал етеді;
  • Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі (көкөніс пен жемістерді мұқият жуу). Шикі теңіз өнімдерін (әсіресе моллюскаларды) жемеу. Тағам жәндіктерден, әсіресе шыбындардан қорғалуы тиіс;
  • Санитарлық-гигиеналық шаралар (су жүйелерін бақылау, ағынды суларды тазарту, қоғамдық тамақтану орындарын санитарлық қадағалау,инфекция ошақтарын уақтылы дезинфекциялау);
  • Ластанған су қоймаларында шомылуға болмайды.

              Тырысқақтың алдын алу таза суға қолжетімділікті қамтамасыз етуге, санитарлық-гигиеналық ережелерді сақтауға, тағам қауіпсіздігіне және ауруды ерте анықтауға негізделеді. Кешенді профилактика бұл инфекцияның таралуын бақылаудың ең тиімді әдісі болып табылады.

             Тырысқақ бойынша эндемиялық аймақтарға барған кезде жоғарыда көрсетілген ережелерді сақтау инфекциядан аулақ болуға көмектеседі. Өзіңізге қамқор болыңыз және деніңіз сау болсын!

Дата публикации
29 мая 2026