GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Бөлім туралы
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Қызметі
Құжаттар
Бөлім туралы
Қызметі
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Все материалы
Мәдениет
17 октября 2026
Мұхтар Әуезов атындағы театр Үндістандағы БРИКС фестивалінде «Қыз Жібек» спектаклін сахналады

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен БРИКС халықаралық театр фестиваліне қатысты.

Театр ұжымы қазақ халқының рухани мұрасы мен ұлттық салт-дәстүрін танытатын «Қыз Жібек» спектаклін сахналады. Қойылым режиссері – өнертану бойынша PhD докторы Елік Нұрсұлтан.

Фестивальдің ашылу салтанатына Үндістанның Мәдениет және туризм министрі Гаджендра Сингх Шехават қатысты. Ол шығармашылық ұжымдарға жылы лебізін білдіріп, халық арасындағы достықты нығайтудағы өнердің маңызына тоқталды және қатысушыларға шығармашылық табыс тіледі.

Халықаралық фестиваль театр ұжымы үшін қазақ сахна өнерін әлемдік деңгейде танытуға жәнк елдер арасындағы мәдени ықпалдастықты арттыруға мүмкіндік берді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
10 октября 2026
«Бозоқ» музей-қорығында білім берудің жаңа бағыттары талқыланды

«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Музей – білім беру кеңістігі: инновациялық жұмыс бағыттары» атты республикалық ғылыми-практикалық семинар өтті. Іс-шараға еліміздің әр өңірінен тарихшы ғалымдар, музей қызметкерлері, педагогтер және сала мамандары қатысты.

Семинардың басты мақсаты – тарихи мұраны сақтау, оны кеңінен таныту, музейлердің ғылыми-ағартушылық жұмысын дамыту және музейлер мен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайту.

Жиында көтерілген мәселелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастарды Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне баулу жөніндегі тапсырмаларымен үндеседі.

Семинар барысында қатысушылар музей жұмысын жаңаша ұйымдастыру жолдарын талқылап, тәжірибе алмасты. Сондай-ақ музейлер мен білім беру ұйымдарының алдағы ортақ жұмысына қатысты пікірлерін ортаға салды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
08 октября 2026
Сан-Себастьяндағы әлемдік премьерадан кейін Алматыда «Mugalim» фильмінің жабық көрсетілімі өтті

Алматыда қазақстандық «Mugalim» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Іс-шараға фильмнің шығармашылық тобы, отандық кино саласының өкілдері, мәдениет қайраткерлері, журналистер және блогерлер қатысты.

20 қыркүйекте фильмнің әлемдік премьерасы Сан-Себастьяндағы 74-ші халықаралық кинофестивальдің New Directors байқау бағдарламасына енгізілді. Бұл – А санатындағы ең байырғы халықаралық кинофестивальдердің бірі. «Mugalim» аталған фестивальдің байқау бағдарламасына енген қазақстандық әйел режиссер түсірген алғашқы фильм болды.

«Mugalim» – режиссер Аяна Нұрдинованың алғашқы толықметражды фильмі. Оқиға Балқаш қаласында музыка пәнінен сабақ беретін Жандос есімді мұғалімнің оқиғасын баяндайды. Ұстаздық жолды таңдаған Жандос шәкірттерін жақсы көргенімен, өнер жолына түсуді де армандайды. Алайда үлкен қалаға қоныс аударуға мүмкіндік туған кезде ол арманына жету мен өзі үшін қымбат жандардың жанында қалудың бірін таңдауы керек болады.

Фильм Балқаш қаласында түсірілді. Басты рөлдерді Олжас Дәлелхан, Рүстем Жаныаманов, Шынар Жанысбекова, Ольга Ландина, Гүлнар Дусматова және басқа да актерлер сомдады. Фильмнің продюсері – Аружан Досымқожа, қоюшы операторы – Айгүл Нұрболатова.

Туынды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.

Бүгіннен бастап «Mugalim» фильмі Қазақстан кинотеатрларында кең прокатқа шығады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
07 октября 2026
312 жаңа мәдениет нысаны: Қазақстанның мәдениет саласындағы жеті жылдағы өзгерістер

Кейінгі жеті жылда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде мәдениет саласын дамыту, ұлттық мұраны сақтау, отандық өнерді қолдау және мәдени инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.

Осы кезеңде елімізде театрлар, музейлер, кітапханалар мен мәдениет үйлерін қоса алғанда, 312 жаңа мәдениет нысаны салынды. Сонымен қатар қолданыстағы нысандар жаңғыртылып, материалдық-техникалық база жаңартылды. Өңірлерде мәдени қызмет көрсету аясын кеңейтуге де басымдық берілді.

Кітапхана ісі мен шығармашылық білім беруді дамытуға айрықша көңіл бөлінді. Кітапханаларды 2027 жылға дейін жаңғырту жөніндегі Жол картасы іске асырылып, бүгінде өңірлердегі мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып жатыр. Алматыда шығармашылық оқу орындарының студенттеріне арналған 500 орындық жатақхананың құрылысы басталды. Петропавлда Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігі ашылса, Шымкентте Мәдениет және өнер университетін құру жұмыстары қолға алынды.

Театр өнерінің дамуы

Кейінгі жеті жылда театр өнерінде де бірқатар маңызды өзгеріс болды. Астана, Атырау, Қызылорда және Шымкент қалаларында бес жаңа мемлекеттік театр құрылды. Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театр, Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы театр және Түркістан музыкалық драма театры жаңа ғимараттарға көшті.

Қазір Ақтөбе мен Қонаев қалаларында театрлардың құрылысы жүріп жатыр. Шымкент, Қызылорда және Семей қалаларында жаңа театр салу жобалары пысықталуда. Мұхтар Әуезов және Наталия Сац атындағы театрларды жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізіліп келеді.

Жетекші мәдени ұйымдардың мәртебесін көтеруге маңызды қадам жасалды. Кейінгі алты жылда республикалық 10 мекемеге «Ұлттық», республикалық және өңірлік тағы 10 ұйымға «Академиялық» мәртебесі берілді. Сондай-ақ отыз жылға жуық уақыттан кейін «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы қайта тағайындалды.

Отандық театрлардағы репертуар да жаңа туындылармен толықты. Театр сахналарында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Алтын гүл», «Ақбала» балеттері, «Жошы хан» тарихи драмасы және «Қыпшақ қызы Аппақ» операсының премьералары өтті. Сонымен қатар «Гүлдер» ансамблі қайта құрылып, Мемлекеттік классикалық гитарашылар квинтеті мен көпұлтты «Бірлік» ансамблі құрылды.

Музейлерді жаңғырту және мәдени мұраны сақтау

Музей ісінде де елеулі өзгерістер болды. Еліміздегі музейлер саны 36-ға артып, 250-ден 286-ға жетті. Музей қорлары 68 669 сақтау бірлігімен толықты.

Бес визит-орталықтың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Олар: Алматы облысындағы «Таңбалы», Түркістан облысындағы «Отырар», «Ордабасы», Ұлытау облысындағы «Ұлытау» және Атырау облысындағы «Сарайшық» визит-орталықтары.

Жаңа визит-орталықтарды дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр. Олардың қатарында Түркістан облысындағы «Сауран», «Гауһар ана» және Алматы облысындағы «Есік» бар.

Екі музейде «Алтын Орда» залдары ашылды. Сондай-ақ Палеонтология залы мен Қолөнершілер орталығы жұмысын бастады.

Ірі жобалардың бірі – ашық аспан астындағы «Бозоқ» археологиялық паркі. Бұдан бөлек, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.

Музей қорларын цифрландыру жұмыстары да жаңа қарқын алды. 2025 жылы еліміздегі 284 музей туралы мәліметті қамтитын E-museum платформасы іске қосылды. Цифрлық каталогқа 66 мыңнан астам музей жәдігері енгізіліп, 750 үшөлшемді модель мен 15 виртуал тур әзірленді.

Қазақстан музейлерінің шетелдік әріптестерімен байланысы да кеңейді. Отандық музей қорларындағы құнды жәдігерлер Ресей, Италия, Франция, Қытай және Әзербайжандағы көрмелерде көрсетілді. 2025 жылы Ә.Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің туындылары Третьяков галереясында қойылса, ұлттық жобалар Венеция биенналесі мен Париждегі Гиме Азия өнері музейінде таныстырылды. 2026 жылы «Қазақстан – Франция 2026» халықаралық Қазақстан музей конгресі – музеология форумы өтті.

Сонымен бірге тарихи-мәдени мұраны қорғау мен археологиялық жұмыстарды реттеу тетіктері жетілдірілді. Заң жүзінде Түркістанның еліміздің рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы ретіндегі ерекше мәртебесі бекітілді. Археологиялық қызметті реттеу мен тарихи-мәдени мұра саласындағы лицензиялау тәртібі де жетілдірілді.

Отандық киноның дамуы

Кейінгі жеті жылда отандық кино өнерінде де айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. 2019-2025 жылдары мемлекеттік қолдаумен 150 киножоба қолға алынып, оның 124-і аяқталды. 2019 жылы қабылданған «Кинематография туралы» заң саланы жүйелі дамытуға негіз болды.

Отандық фильмдердің прокаттағы үлесі де артты. 2024 жылы экранға 94 қазақстандық фильм шықса, 2025 жылы олардың саны 103-ке жетті. 2025 жылы отандық фильмдердің жалпы кассалық түсімі шамамен 30 млрд теңгені құрады.

Қазақстандық фильмдер халықаралық фестивальдерде жоғары бағаланды. «Ақын», «Схема» және «Адемоканың оқуы» фильмдері Токио, Берлин және Варшавадағы халықаралық кинофестивальдерде жүлде алды. Тек 2024 жылдың өзінде жеті отандық фильм 34 халықаралық жүлдеге ие болды. Ал «Бауырына салу» фильмі Қазақстан атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылды.

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Global Innovation Index – 2024 дерегіне сәйкес, Қазақстан «Ұлттық көркем фильмдер» көрсеткіші бойынша 61-орыннан 31-орынға көтеріліп, Азиядағы үздік үш елдің қатарына енді.

Отандық фильмдер әлемнің көптеген елінде көрсетіле бастады. Қазақстан киносы күндері 30-дан астам елде өтті. Сонымен қатар шетелдік киногерлермен байланыс дамып, ұлттық анимация мен қазақ тіліндегі контентті көбейтуге көңіл бөлініп келеді.

Халықаралық ынтымақтастық және ұлттық мәдениетті таныту

Кейінгі жеті жылда Қазақстан мәдениеті әлемнің түрлі елдерінде кеңінен таныстырылды. Отандық өнерпаздар халықаралық фестивальдер, көрмелер мен байқауларға қатысып, мәдениет күндері елдер арасындағы мәдени байланысты нығайта түсті.

Қазақстанның мәдениет күндері 15 елде өтті. Тек 2023 жылдың өзінде мұндай іс-шаралар Өзбекстан және Әзербайжанда өткізілді. Каирде Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылып, әз-Заһир Бейбарыс мешіті ашылды. Кейінгі жылдары Түрікменстан және басқа да мемлекеттермен мәдени алмасу жалғасты.

2025 жылы Бейжіңде Қазақстанның мәдени орталығы ашылды. Ол ұлттық өнер мен дәстүрді тұрақты түрде насихаттайтын мәдени алаңға айналды. Сол жылы Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін иеленді.

ЮНЕСКО-мен ынтымақтастыққа да айрықша мән беріліп келеді. Салалық деректерге сәйкес, Қазақстанның 15 тарихи-мәдени ескерткішін қамтитын төрт номинация ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Олардың қатарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Таңбалы петроглифтері бар. Сондай-ақ 2026 жылы Маңғыстау түбегіндегі жерасты мешіттері тізімге енгізілгені көрсетілген.

ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне қазақ мәдениетінің 14 элементі енгізілген. Олардың қатарында домбырамен күй тарту өнері, киіз үй жасау дәстүрі, айтыс және «Беташар» салты бар. 2026 жылы ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасын ілгерілету жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді.

Қазақ мәдениетінің көрнекті тұлғаларының мерейтойлары да халықаралық деңгейде аталып келеді. Роза Бағланова, Бердібек Соқпақбаев, Нұрғиса Тілендиев, Абдолла Қарсақбаев және Ермек Серкебаевтың мерейтойларына арналған іс-шаралар ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді.

Қазақстандық өнерпаздар Еуропа мен Азиядағы халықаралық байқауларда да жоғары нәтиже көрсетті. Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі Madison Square Garden сахнасында өнер көрсетсе, Данэлия Төлешова America’s Got Talent финалына шықты. Ал Қарақат Башанова Junior Eurovision 2020 байқауында екінші орын иеленді.

Руслан Талас Венада өткен WorldVision халықаралық байқауында I орын иеленді, ал 2024 жылы Штутгарт қаласында Guadagnini Foundation II халықаралық скрипкашылар байқауында II орын алды.

Әлім Бейсембаев Веймардағы Ф.Лист атындағы халықаралық жасөспірімдер байқауы мен Манчестердегі халықаралық пианистер байқауының лауреаты атанды. Сондай-ақ Ван Клиберн атындағы I халықаралық жас пианистер байқауында үздік нәтиже көрсетіп, 2021 жылы Лидсте өткен XX халықаралық пианистер байқауында Уотерман алтын медалін иеленді.

2024 жылы Сағадат Омарғазин Аустрияда өткен Бетховен атындағы XIX халықаралық скрипкашылар байқауында жеңімпаз атанды.

Жандос Сауыт пен Scythians триосы аккордеоншылар арасындағы 79-шы Coupe Mondiale халықаралық байқауында жеңіске жетті.

Жеті жыл ішінде еліміздің мәдениет саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жаңа мәдениет нысандары салынып, қолданыстағы мекемелер жаңғыртылды, сондай-ақ ұлттық өнер мен тарихи-мәдени мұраны қолдаудың ауқымы кеңейді. Отандық мәдениеттің халықаралық деңгейде танылуына да жаңа серпін берілді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

 

Мәдениет
06 октября 2026
Темірбек Жүргенов атындағы академияның жас режиссерлері Канада мен Ресейдегі кинофестивальдерде үш жүлде иеленді

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының білім алушылары Канада мен Ресейде өткен халықаралық кинофестивальдерде үш жүлдеге ие болды.

Оттава қаласында өткен Loon Film Festival фестивалінде үшінші курс студенті Ерхат Ерсайынов «Потерянный остров» фильмімен үшінші орын алды.

Табиғат, бейбітшілік және жануарларды қорғау тақырыбындағы көркем, деректі, анимациялық және эксперименттік фильмдерді қамтитын фестиваль жас кинематографистерді қолдау мақсатында ұйымдастырылады.

Академияның студенттері тағы екі жүлдені Мәскеуде өткен IV «Восхождение» халықаралық студенттік фестивалінде иеленді. Байқауға ТМД-ның жеті елінен 50 фильм ұсынылды.

«Анимация режиссурасы» білім беру бағдарламасының түлегі Бауыржан Адаев «Пуповина» фильмімен «Анимациялық фильмнің үздік режиссурасы» аталымында жеңімпаз атанды. Ал «Көркем фильм режиссурасы» бағытының төртінші курс студенті Мырза Махамбеттің «Май» картинасы «Актерлік шеберліктегі алғашқы қадамдары үшін» қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды.

IV «Восхождение» халықаралық студенттік фестивалі С.А. Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография университетінде ұйымдастырылған «Кино білімі: ТМД елдерінің ортақ білім беру жобалары» форумы аясында өтті.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
05 октября 2026
«Қазақконцерт» сахнасында «Музыка тілінде» концерті өтті

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Музыка тілінде» концерті өтті.

Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің үрмелі аспаптар ансамблінің орындауында ұлттық музыка, әлемдік классикамен қатар, джаз және танго жанрларындағы туындылар шырқалды.

Кеште Клод Боллингтің флейта мен джаз фортепиано триосына арналған сюитасы және Ришар Гальяноның «Клодқа арналған танго» шығармасы орындалды.

Концертте қазақтың халық әндері алғаш рет ағаш үрмелі аспаптар квинтетіне лайықталып, тыңдарманға жаңаша әуезде ұсынылды.

«Музыка тілінде» кешінде қазақ әндері заманауи сипатта беріліп, ұлттық музыка әлемдік классика, джаз бен танго жанрларымен үйлесім тапты.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
02 октября 2026
Астанада «TEATR ALL» IV халықаралық театр фестивалі басталды

Астанада Қазақстанның халық әртісі, театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешованың 75 жылдығына арналған «TEATR ALL» IV халықаралық театр фестивалі басталды.

Фестивальдің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хаты оқылды. Құттықтауда Меруерт Өтекешованың ұлттық мәдениет пен қазақ театр өнерінің дамуына сіңірген көпжылдық еңбегі аталып өтті.

Кеш барысында Меруерт Өтекешова шығармашылық жолы, өнердегі ұстаздары және М.Әуезов атындағы театрда 50 жылдан астам еңбек еткен жылдары туралы өз естеліктерін айтты.

Фестивальде Ғабит Мүсірепов пен Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі сахналанды. Қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

Көпшілік Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театры музейінің қорынан арнайы дайындалған «Сұлулық пен сырлы өнердің символы» көрмесін тамашалады.

«TEATR ALL» IV халықаралық театр фестивалі 7 қазанға дейін жалғасады. Өнер мерекесіне Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжаннан келген театр ұжымдары, сондай-ақ Астана мен еліміздің өңірлеріндегі жетекші театрлар қатысып жатыр.

Фестиваль театр өнерін дамытуға, сала мамандарының шығармашылық байланысын арттыруға, тәжірибе алмасуға және халықаралық мәдени әріптестікті нығайтуға бағытталған.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
01 октября 2026
Қазақстан мен Түркия ғалымдары Бозоқ қалашығын зерттеудің алдағы бағыттарын талқылады

«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында Түркия Республикасының Соргун қаласынан келген делегация өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуде Бозоқ қалашығын зерттеу аясындағы ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері сөз болды.

Тараптар ортақ зерттеулер жүргізу, тарихи және археологиялық материалдарды зерделеу, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия ғалымдарының тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады.
Сонымен қатар жиында Бозоқ қалашығының тарихи-мәдени құндылықтарын дәріптеу, тереңірек зерттеу және ғылыми байланысты жалғастыру жайы айтылды.

Сапар барысында делегацияға ашық аспан астындағы Ұлттық парк жобасы бойынша атқарылған жұмыстар таныстырылды. Делегация өкілдері жобаны одан әрі дамыту жоспары туралы ақпарат алды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
30 сентября 2026
Бакуде «Көгілдір күмбез құпиясы» халықаралық көрмесі ашылды

Бакудегі Әзербайжан ұлттық тарих музейінде Түркістанның тарихи-мәдени мұрасы мен Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасына арналған «Көгілдір күмбез құпиясы» халықаралық көрмесі ашылды. Көрмені Қазақстанның «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы әзірледі.

Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу, сақтау және халықаралық деңгейде кеңінен таныту жөніндегі тапсырмалары аясында ұйымдастырылды. Көрме Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрлігінің және Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының қолдауымен ашылды.

Көрмеге XII ғасырдан жеткен түпнұсқа терракота тақташалары, XIV ғасырдағы жылтыраған қаптама үлгілері, майолика мен мозаика үлгілері қойылды. Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі куфи жазулары мен араб каллиграфиясы бейнеленген фотоматериалдар ұсынылды. Кесененің сәулеті мен ондағы көне жазуларға да айрықша мән берілген.

Көрменің негізгі бөлігін Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің екі макеті құрайды. Оның бірі кешеннің ішкі құрылымы мен негізгі бөлмелерінің орналасуын көрсетсе, екіншісі кесененің тұтас сәулеттік келбетін бейнелейді.

Арнайы бөлім Қожа Ахмет Ясауидің рухани және зияткерлік мұрасына арналған. Мұнда қолжазбалар мен тарихи деректер, шежірелік «Насабнама», сондай-ақ Ясауи ілімінің түркі халықтарының рухани дәстүріне маңызын танытатын ізбасарларының еңбектері қойылған.

Іс-шара аясында «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Әзербайжан ұлттық тарих музейі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат мәдени мұраны сақтау, зерттеу, мамандар алмасу, ортақ ғылыми және мәдени жобаларды қолға алу бағытындағы әріптестікті қамтиды.

Халықаралық көрме Қазақстан мен Әзербайжан музейлері арасындағы байланысты кеңейтіп, Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын әлемге кеңінен танытуға бағытталды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
30 сентября 2026
Алматыда Абай атындағы театрдың «МҰРА» гала-концертін мыңдаған адам тамашалады

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының алаңында 93-ші театр маусымы мен Алматы қаласы күніне арналған «МҰРА» Open-Air гала-концерті өтті. Кешке 250-ден астам өнерпаз қатысып, бірнеше мың адам тамашалады.

Үш сағатқа созылған концертте опера солистері, балет труппасы, хор және музыкалық ұжымдардың қатысуымен 30-ға жуық нөмір орындалды. Бағдарлама ұлттық және әлемдік классика, джаз, танымал кинофильмдердің музыкасы мен заманауи шығармаларды қамтыды.

Кешке арнайы қатысқан Жәмила Серкебаева Ермек Серкебаевтың репертуарындағы қазақ әндерінен попурри орындады. Сондай-ақ әртіс театр солисі Олег Татамировпен бірге өнер көрсетті.

Көпшілікке Алматыға арналған әндер де ұсынылды. «Сүйікті Алматы» попурриіне қала туралы танымал әндер топтастырылып, симфониялық оркестр әлемдік кинематографияның көпшілікке белгілі музыкалық шығармаларын шырқады.

Гала-концерт мазмұнын жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының идеясы толықтыра түсті. Сахна Қазақстанның көркем табиғатын бейнелейтін көріністермен безендірілді.

Театр ғимаратының қасбеті 3D-проекциялармен, жарық және лазерлік инсталляциялармен түрленді. Гала-концерт барысында 500-ден астам сахналық костюм пайдаланылды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы