Мемлекеттік тілді дамытамыз
Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді, - деді мемлекет басшысы Қасым -Жомарт Тоқаев.
Осы ретте, Көкшетау қаласы бойынша Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, сондай-ақ, өзге де ұлт өкілдерінің ана тілдерін дамытуға қолдау білдіру, жалпы тілдік капиталды дамытуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.
2023 жылы қала бойынша 150 іс-шара өткізілді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, шешендік өнерді дамыту, халық ауыз әдебиетін кеңінен насихаттау мақсатында 7-15 жас аралығындағы оқушылар арасында қалалық «Тазша бала» байқауы, өзге этнос оқушылары арасында «1001 мақал – 101 жұмбақ» сайысы, Көкшетау қаласында дәстүрге айналған өзге этнос өкілдері қыздары арасындағы «Көктем аруы - 2023» байқауы, «Жігіт сұлтаны-2023» қалалық байқауы, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, банктерде, сауда орындарында «Қазақшаңыз қалай?» акциясын ұйымдастырылды.
Көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, талантты жастарды табу мақсатында жыл сайын жыршы-термешілердің байқауы, сонымен қатар мекетепке дейінгі білім беру мекемелері арасындағы «Балғын шақ» байқауы, ақындардың өрелі өнері, өрнекті сөздерімен айшықтаған, құдыретті сөзі арқылы мемлекеттік тілдің мерейін арттыру мақсатында Көкше төрінде қалалық ақындар айтысы өткізіліп тұрады.
Ономастикалық жұмыстар Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің берген тапсырмасына сәйкес жүргізіледі. Көкшетау қаласы бойынша- 379, оның ішінде, Красный яр селолық округінде-57, Станционный кентінде-9 көше бар. 2022-2023 жылдар аралығында 26 көше мен 1 шағын ауданға атау берілді.
Атап айтсақ, Акана көшесіне Қасым Қайсеновтің, Бауман көшесіне Әміре Қашаубаевтың, Буденный көшесіне Талғат Бигелдиновтің, сонымен қатар Сағадат Нұрмағанбетов, Мұстафа Шоқай, Әлия Молдағұлова, Ағыбай батыр, Тұрсынбек Кәкішев, Рақымжан Қошқарбаев, Ермек Серкебаев, Мұса Асайынов Нұрғиса Тілендиев, Әлкей Марғұлан, Шәмші Қалдаяқов, Халифа Алтай, Сәбит Мұқанов, Тәттімбет, Рамазан Елебаев, Міржақып Дулатұлы, Күләш Байсейітова сынды тұлғалардың есімдері берілді.
Қала бойынша нысандардың сыртқы жарнамаларында 350-ге жуық қате анықталып, түзету жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімімен 600-ге жуық көрнекі ақпаратқа тегін келісім берілді.
«Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры» деген ұранды ұстанған бабаларымыз ғасырлар бойы елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу жолында талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді. Ендеше біз тұтас елдің түпқазығына айналып, ұлтты ұйыстырушы күшке ие болып отырған мемлекеттік тіліміздің абыройын асқақтатып, этнос тілдерінің дамуына қолдау көрсетуге, оларды оңтайлы үйлестіруге, ұлтаралық келісім мен татулықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін нақты шараларды жалғастыра беруге тиіспіз. Тіл саясатының тиімді жүргізілуі еліміздің әрбір азаматының берік ұстанымына байланысты екенін ұмытпағанымыз абзал.
«Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ-нің
бас маманы Ақбота Ташенова