
Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары М.Мелдебекова ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Академиялық адалдық лигасы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі арасында білім саласындағы академиялық адалдықты қамтамасыз ету жөніндегі меморандумды іске асыру бойынша 2025-2026 жылдарға арналған жол картасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізді.
Отырысқа Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының, «TALAP» орталығының және Академиялық адалдық лигасының өкілдері қатысты.
Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында академиялық адалдықты сақтау саясатын ілгерілету маңызды бағыт болып табылады.
Жұмыс тобының мүшелері балалардың бойында балабақшадан бастап академиялық адалдық принциптерін қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтіп, Жол картасына енгізілетін іс-шараларды талқылады.
Осы жұмыс шеңберінде Жол картасы мен Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында академиялық адалдықты сақтау стандарты бекітілетін болады. Сонымен қатар, аталған стандарт нормаларының сақталу деңгейін анықтау мақсатында білім беру ұйымдарына мониторинг жүргізу жоспарлануда.
Бұл бағытта жұмыс жалғасатын болады.