
«Педагог статусы туралы» ҚР Заңы қабылданғаннан кейін осы Заңнан туындаған нормативтік құқықтық актілерге сәйкес педагогтардың құқықтық және әлеуметтік кепілдіктері айқын белгіленген.
Алайда педагогтардың көптеген арыз-шағымдары білім беру органдары мен ұйымдарының басшылары мен мектеп мұғалімдері өздерінің заңнама кепілдік берген құқықтарын білмейтінін көрсетеді.
Үстіміздегі жылдың 6 айында аумақтық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің қызметкерлері педагогтардың құқықтарын бұзудың 28 фактісін тіркеді. Көбі Түркістан, Жамбыл облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында орын алған, педагогтар кәсіби міндеттемелермен байланысты емес әртүрлі жұмыс түрлеріне тартылған. Барлық анықталған бұзушылық фактілер бойынша лауазымды тұлғаларға қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Осыған байланысты, Комитеттің секциялық отырысына педагогтардың әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерін бұзуға жол бермеу жөнінде нақты шараларды талқылап қабылдау үшін өңірлік білім басқармаларының басшылары, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің қызметкерлері шақырылды.
Сондай-ақ кеңесте орта білім беру ұйымдарын мембақылаудың аралық жарты жылдық қорытындысы қаралды.
Есептік кезеңде 463 бақылау іс-шаралары өткізілді, қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарының заңнаманы сақтамаған 238 фактілері анықталып, тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
Аталған мәселерді онлайн режимінде талқылауға 200-дей адам қатысты. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім беру басқармалары мен бөлімдерінің және Нұр-Сұлтан қаласының Педагогикалық этика мәселесі және білім беру ұйымдарының педагогтарының құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің өкілдері қатысты.
Отырыстың қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарын бақылаудың мемлекеттік шаралары және педагогтардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тиісті ұсынымдар әзірленіп қабылданды.