
Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының рейтингісінің қорытындылары
ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп Қазақстанның жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының рейтингісінің қорытындыларын шығарды.
Рейтингті қалыптастыру барысында 2019 жылы 90 мамандық қамтылды, 2000-нан астам білім беру бағдарламасына баға беріліп, ҚР-ның барлық өңірлерінен 700 сарапшыдан 6000 сараптамалық қорытынды алынды.
Рейтинг 17 критерий бойынша жүргізілді, олардың ішінде: еңбекпен қамтылған түлектердің пайызы және олардың орташа айлық еңбекақысы, оқу аяқтаған соң жұмыс іздеу ұзақтығы, сондай-ақ, бағдарламалардың өзектілігін бағалау бар.
Жүргізілген рейтинг барысында түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 74%-ды құрады, түлектердің орташа жалақысы – 103285 тг.
Бітірушілердің диплом алған сәттен бастап орта есеппен жұмыс іздеу ұзақтығы – 3,5 ай, «Көлік құрылысы» бойынша - 2 ай, ал «шетел филологиясы», «Стоматология», «Кеден ісі» бойынша 5 айдан астам уақыт кетеді.
Салалық сарапшылардың талдауынан жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының мазмұнын бір-біріне көшіретіні байқалды, бұл контенттің бірегейлігінің жоқтығын көрсетеді. Сондай-ақ, мамандыққа жанама қатысы бар және теорияны практикаға байланыстыру жетіспейтін модульдер кездеседі.
Рейтинг, ең алдымен, 10-11 сынып оқушыларына арналған. Рейтингті пайдалана отырып, талапкер жұмысқа орналасу деңгейі және еңбекақысы жоғары мамандықты таңдай алады. Сондай-ақ, 10-11 сынып оқушыларының арасында мамандық таңдау мәселесі бар: мектеп бітірушілері үшін кәсіби бағдарлау жұмыстары жеткіліксіз жүргізіледі, түлектер мен олардың ата-аналарына жасалған үгіттеулер тиімсіз болады, сондай-ақ мектеп пен ЖОО-ның өзара байланысы жоқ.
Зерттеу қорытындысын шығара отырып, білім беру бағдарламаларын жаңарту, сондай-ақ жоғары оқу орындарын түлектерін жұмысқа орналастыруға бағыттау қажеттілігін ескере отырып, Рейтинг жыл сайын жұмыс берушілердің қатысуымен өткізілетін болады. Рейтинг нәтижелері мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үдерісінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің басқару шараларында пайдаланылатын болады.
Рейтинг жайлы толық ақпаратты келесі сілтеме бойынша https://atameken.kz/ru/university_ratings, сондай-ақ @atameken_ratings инстаграм парақшасынан алуға болады.