
Педагог құқығын қорғау бойынша шаралар туралы
«Педагог мәртебесі туралы» 2020 жылғы 31 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру үшін 2015 жылғы 31 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің № 719 және 2015 жылғы 31 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономикалық министрлігінің № 843 «Білім беру жүйесіне тексеру жүргізу бойынша тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парақтарын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді (ү.ж. сәуірде күшіне енді).
Өзгерістерге сәйкес мектепке дейінгі, бастауыш, орта, техникалық және кәсіптік білім ұйымдарына, сондай-ақ білім басқармалары органдарына арналған тексеру парақтарына жаңа нормалар енді.
Ол:
- педагогті кәсіби міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға жол бермеу;
- педагогтің есеп беруін немесе одан педагогтік лауазымдық міндеттеріне байланысты емес ақпаратты талап етуге жол бермеу;
- педагогке тауарлар мен қызметтерді сатып алу міндеттемесін жүктеуге жол бермеу;
- мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтерін өздерінің кәсіби қызметін мемлекеттік емес ұйымдардың қызметіне тартуға жол бермеу.
Осы көрсетілген нормаларын бұзу фактілері бойынша өтініш түскен кезде Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері мемлекеттік бақылаудың барлық қажетті шараларын қабылдайтын болады.