Білім беру саласындағы бағалау жүйесін жетілдіру мәселесі бүгінгі Тараз қаласындағы «Білім беру саласындағы бағалау жүйесін жетілдіру» панельдік секциясында талқылануда.
Секция жұмысы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның басқарма төрағасының орынбасары - модератор Айдана Шілібекованың құттықтау сөзімен және баяндамасымен басталды.
Секцияға спикерлер ретінде:
Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА квалиметрия және халықаралық зерттеулер орталығының директоры Сания Жұмажанова;
Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА квалиметрия және халықаралық зерттеулер орталығының бас сарапшысы - Исатай Сағындықов;
Шымкент қаласының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы - Нургуль Шамшиева;
Тараз қ. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ биология пәнінің сарапшы-мұғалімі – Дидар Мырзаев қатысуда.
Сондай-ақ панельдік секцияға білім басқармасы органдарының, әдістемелік кабинеттердің, білім беру ұйымдарының өкілдері қатысуда. Онлайн форматта секцияға педагогикалық қауымның 10 000-нан астам өкілі қатысады.
Секцияда проблемалық мәселелерді анықтауға баса назар аударылып, қолданыстағы бағалау жүйесі талқылануда. Спикерлер білім беру сапасын арттыру үшін бағалау құралдарын практикалық қолдану тәжірибесімен бөлісуде. Бағалау жүйесіндегі тұжырымдамалық тәсілдерді, білім беру процесін басқару мәселелерін, сондай-ақ білім беру сапасын қамтамасыз етудегі мұғалімнің рөлін қарастырылып, талқылануда.
Естеріңізге сала кетейік, «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбындағы білім беру қызметкерлерінің жыл сайынғы республикалық тамыз кеңесі ағымдағы жылдың 24 тамызынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде бірнеше тақырыптық бағыттар бойынша басталды.