Астанада «Ұрпақтар сабақтастығы» атты республикалық ата-аналар форумы өтті.

Астанада «Ұрпақтар сабақтастығы» атты республикалық ата-аналар форумы өтті.

Шараға ата-аналар комитеттері мен қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері мен еліміздің сарапшылар қауымының өкілдері қатысты.

 Форумның басты мақсаты – отбасы институтын нығайту және рухани-адамгершілік отбасылық құндылықтарды дамыту мен насихаттауда ата-аналар қауымының белсенді рөлін арттыру.

Форумның модераторы Білім министрі Ғани Бейсембаев өз сөзінде «балалар ата-анасының үлгісімен тәрбиеленеді. Мектеп технологиялық сын-қатерлер жағдайында балалардың мүдделері мен құқықтарын қорғауға бағытталған оқу процесіне ата-аналардың, қоғамдық ұйымдардың қатысуының жоғары әлеуетін пайдалануы керек» деді. 

Форумға қатысушылар бала тәрбиесінде отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайту, балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін қоғамдық ұйымдардың, ата-аналар қауымының, мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру қажеттігі туралы бірауыздан өз пікірлерін білдірді.

 Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлер мен рухани құндылықтар негізінде отбасылық келісімге қол жеткізу, балаларды адамгершілікке тәрбиелеу жауапты ата-ананың қатысуынсыз мүмкін емес.

 Форум барысында қатысушылар отбасы тәрбиесіне қатысты пікір алмасып, отбасы институтының өзекті мәселелерін шешудің тиімді жолдарын талқылады.

Секция жұмысы «Мектеп және ата-ана», «Ата-ана және қоғам», «Ата-аналар мен бала денсаулығы», «Ата-аналар мен балалардың қауіпсіздігі», «Ата-аналар мен балаларды әлеуметтік қолдау», «Ата-аналар мен балалардың цифрлық мәдениеті» тақырыптарында 6 бағыт бойынша ұйымдастырылды.

 

Форум жұмысы соңында арнайы қарар қабылданды.