Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері жол картасы республикалық маңызы бар үш қалада және Ақтөбе облысында қабылданды. Алматының жол картасын жүзеге асыру нәтижелерін көруге болады:
- 2 мемлекеттік, 1 жекеменшік мектеп ашылып, қалада оқушы орындарының саны 2800-ге артты;
- 29 мектептің 7700 оқушысы үшін 100 жаңа автобус сатып алынады. Оған 5,2 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 30 мектеп автобусы жеткізілді, екінші бөлігі осы жылдың шілде айында беріледі;
- наурыз айында Алматы құрылыс-техникалық колледж студенттерінің жаңа жатақханасы ашылды;
- аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар 30 мың бала үйірмелер мен секцияларға тегін қатыса алады;
- тәлімгерлік институты жұмыс істей бастады. Бүгінгі таңда Алматының 140 кәсіпорнында 2400-ден астам студент өндірістік тәжірибеден өтуде.
Алматының білім беру жүйесін дамыту бойынша Жол картасына 90-нан астам іс-шара енгізілген. Олар балалардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін дамытуға бағытталған.