Меню

Страницы

Статья

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жүзеге асырылуы туралы

Бүгінгі таңда қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жүргізу ең өзекті және маңыздылығы жоғары міндеттердің бірі. Әсіресе бұл өскелең ұрпақтың тәрбие-тәлімімен, білім алуымен тығыз байланысты білім беру ұйымдарында аса өзекті болып отыр.

Оқу-ағарту министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) жүйелі түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру бойынша бірқатар алдын алу шараларын қабылдауда. Негізгі процестердің барлығын дерлік автоматтандыруға басымдық берілуде. Бүгінгі уақытта балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау, құжаттар енгізу толықтай автоматтандырылған. Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық фактілерін түбегейлі болдырмау мақсатында мектепке дейінгі ұйымдарға бірыңғай цифрлық кезекке тұру және жолдама беру бойынша қызмет көрсету енгізілді.

Еліміздің барлық өңірлерінде бірінші сыныпқа қабылдау бойынша мемлекеттік қызметті автоматтандыру жұмысы қолға алынды. Мәселен, өткен жылы бірінші сыныпқа баратын балалардың ата-аналарының 80 пайыздан астамы құжаттарды электронды нысанда тапсырған. Және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Педагогтерді аттестаттаудан өткізу де мемлекеттік қызметке өту үшін тест тапсырудың баламасы бойынша бейнекамераны қолдану арқылы электронды форматта жүргізілуде. Бұл процестің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ педагогикалық құрамның сапасын арттыруға да ықпал етеді. Бос педагог лауазымына ашық конкурс өткізілетін «Педагогтерді жұмысқа қабылдау» модулі әзірленді. Республикалық конкурстарды өткізудегі цифрлық шешімдердің арқасында мұғалімдер үшін онлайн өтінім беру, өтінімінің қай кезеңде екенін және сарапшылармен оған қандай баға қойылғанын бақылап отыру мүмкін болды.

Сондай-ақ, педагогтің цифрлық профилі де пилоттық режимде енгізілетін болады, мұнда мұғалімнің барлық жетістіктері мен ол туралы ақпарат шоғырландырылады. Тиісінше, бос лауазымға конкурсқа қатысуға, аттестатаудан өтуге, конкурсқа және курстарға құжат тапсыру кезінде тек қана сұраныс  рәсімделеді, ал өтінім автоматты түрде рәсімделеді.

Білім беру ұйымдары бұлттық технологияларға көшуде. Бұл жобаның енгізілуі бюджеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауға, сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайтуға,  алым-салымды жоюға мүмкіндік береді. «Бұлтты бухгалтерия және кадрлық есеп» жобасын қолданудың жағымды нәтижелері көрініс табуда. Бұл жоба  Астана, Павлодар қалаларында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында  табысты жүзеге асырылуда. «Бұлтты бухгалтерияны» енгізудің негізгі артықшылықтары операцияларды автоматтандырылған бақылау, өзгерістер туралы ақпаратты сақтау, өкілеттіктер мен жауапкершіліктерді бөлу жүйесі, бастапқы деректер негізінде мекемелердің қаржылық жағдайын және нақты жабдықталуын сенімді бақылау арқылы қаржылық бұзушылықтарды азайту болып табылады. Ол қызметкерлерге республикалық және жергілікті бюджеттен еңбекақы аударудағы ашықтық жүйесін қамтамасыз етеді.

Білім беру ұйымдарындағы оқушылардың бойында адалдық, әдептілік, ізгі ниет, өз ісіне жауапкершілік, топпен жұмыс жасай білу сияқты жеке қасиеттерді қалыптастыруда көптеген жұмыстар атқарылуда. 5-9 сынып оқушыларына арналған «Жаһандық құзыреттер» курсының аясында «Этика және этикет» бөлімі оқытылады. Ол оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген. 

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында академиялық дербестік енгізілді. Колледждер техникалық және кәсіптік білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, кәсіптік стандарт негізінде жұмыс берушімен бірлесіп білім беру бағдарламаларын дербес әзірлейді. Ол білім беру бағдарламаларында ескерілетін «Әлеуметтік ғылымдар негіздерін қоғамда және еңбек ұжымында әлеуметтендіру мен бейімдеу үшін қолдану» міндетті базалық модулін қамтиды. Бұл модульда парасаттылық тақырыптарын қамтитын оқу нәтижелері көрсетіледі. Өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру мақсатында республикалық «Sanaly urpaq» жобалық кеңсесі жұмыс жасауда. Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасы шеңберінде колледждердің білім беру бағдарламаларына адалдық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тақырыптарын енгізу мақсатында Жарғы әзірленіп, бекітілді. Былтырдан бастап техникалық және кәсіби білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік тапсырыс «ақша студентпен бірге жүреді» қағидаты бойынша орналастырылып келеді. Енді студенттер колледждер мен мамандықтарды өздері таңдайды. Бұл шаралар мемлекеттік тапсырысты бөлуде және абитуриенттерді колледждерге қабылдауда жариялылықты қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, 2021 жылдан бастап колледждерге құжат қабылдау автоматтандырылды және ол «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

Балалар үшін қосымша білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың жаңа механизмі енгізілді. Мемлекеттік тапсырыстың талаптары бойынша комиссия құрамы түрлі ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінен тең үлеспен құрылуы қажет. 

Құжаттарды комиссия міндетті түрде бейне және аудио жазба жүргізумен бірге әлеуетті өнім берушілерді қатыстыра отырып қарайды, құжаттар мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында орналастырылады. Қосымша білім беру ұйымдарында құжаттарды қабылдау автоматтандырылған және бұл рәсім «электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

Министрлік бақылау іс-шаралары кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін мейлінше төмендету бойынша шаралар қабылдауда. Өткен жылдан бастап мемлекеттік аттестаттау қайта жаңғыртылып, жаңа форматта, яғни білім беру ұйымдарының өзін-өзі бағалау деректерін салыстыру арқылы бақылау субъектісіне бармай-ақ жүргізілуде. Болашақта Министрліктің қолданыстағы ақпараттық жүйелерін пайдалана отырып, бұл рәсімді автоматтандыруды жоспарлап отырмыз.

Министрліктің нормативті құқықтық актілеріндегі барлық реттеу нормалары енгізіліп жатқан «таза парақтан» жаңа реттеу саясатының аясында қайта қаралды. Кәсіби қадағалауға жататын білім беру ұйымын таңдау тәртібін автоматтандыру жоспарлануда. Білім беру ұйымын іріктеуде адам факторының қатысымын мейлінше болдырмайтын білім беру саласының тәуекел матрицасы құрастырылды. Сондай-ақ тәуекел дәрежесін бағалау мен білім жүйесін бақылау жөніндегі тексеру парақтарының критерийлері қайта қаралуда.

Министрліктің барлық ведомстволық бағынысты ұйымдарында «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплеанс институттары құрылуда. Сонымен қатар Министрліктің ұсынысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың орта білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар әзірленді.

Министрлік білім беру саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында оларды оңтайландыру және автоматтандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Жалпы тізілімге білім беру саласы бойынша 41 мемлекеттік қызмет енгізілген, оның 35-і немесе 85,4 пайызы электрондық форматта қызмет көрсетуді қарастырады. «Электрондық үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 19 қызметті алуға болады, алты мемлекеттік қызмет көрсету кеңсе арқылы тек қағаз форматта жүзеге асырылады.

 

ҚР Оқу-ағарту министрі                                                                              Ғани Бейсембаев

 

 

 

 

Дата публикации
17 апреля 2023
Дата обновления
17 апреля 2023
Тип
Баспасөз релиздері

Сейчас читают

Пайдалы ақпарат
27 июля 2026
Лицензиялау (2026 жылдың бірінші жартыжылдығы)
Пайдалы ақпарат
27 июля 2026
Білім беруді басқару органдарына қатысты мемлекеттік бақылау (2026 жылғы 1-ші жартыжылдық)
Пайдалы ақпарат
27 июля 2026
Ресми құжаттарды апостильдеу (2026 жылдың 1-ші жартыжылдығы )

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы