2025 жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті және оның аумақтық департаменттері мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру салаларында көрсетілетін білім беру қызметтерінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында 3 024 білім беру ұйымына қатысты бармай профилактикалық бақылау жүргізуді жоспарлады.
2025 жылы мемлекеттік бақылау шеңберінде 2 706 білім беру ұйымында мемлекеттік аттестаттау жүргізілді. Бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша 585 білім беру ұйымы (21,7%) аттестаттаудан өтті, ал 2 116 білім беру ұйымы (78,3%) аттестаттаудан өтпеді.
Мемлекеттік аттестаттау барысында жиі анықталған бұзушылықтар: жұмыс оқу жоспарларының мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар мен үлгілік оқу жоспарлары талаптарына сәйкес келмеуі, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жеке оқу жоспарларының болмауы немесе талапқа сай келмеуі, білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау кезінде формативті және жиынтық бағалау талаптарының сақталмауы, оқу жүктемесінің белгіленген нормативтерден асуы, педагогикалық білімі жоқ немесе мамандығы сәйкес келмейтін педагогтердің жұмыс істеуі, сондай-ақ материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігі, санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы.
Мемлекеттік аттестаттау қорытындысы бойынша берілген ұсынымдар негізінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, педагогтердің біліктілігін арттыру, кітапхана қорларын толықтыру, санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестікті қамтамасыз ету жөнінде тиісті шаралар қабылданды.
Нәтижесінде білім беру ұйымдарында пәндік кабинеттер, STEM-зертханалар, шағын орталықтар, инклюзивті білім беру кабинеттері ашылып, жарақтандырылды. Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
2025 жылы біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру 76 білім беру ұйымында жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша 52 білім беру ұйымында бұзушылықтар анықталып, 54 нұсқама берілді, 51 әкімшілік іс қозғалды. Анықталған бұзушылықтарға байланысты 5 мектептің және 10 колледждің лицензияларының қолданылуы уақытша тоқтатылды, лицензиялардың әрекеті бұзушылықтар толық жойылғанға дейін тоқтатылды.
Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес 2025 жылы қайта аттестаттаудан өтпеген білім беру ұйымдарына қатысты 136 ұйымға бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізілді. Бақылау қорытындысы бойынша міндетті нұсқамалар берілді. Профилактикалық бақылау барысында жиі анықталған бұзушылықтар – «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңы талаптарының сақталмауы, білім беру ұйымдарының үлгілік қызмет қағидаларын, ағымдық, аралық және қорытынды аттестаттауды өткізу қағидаларын бұзуы.
2025 жылы 309 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Аталған тексерулер азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштері, сондай-ақ бұрын берілген нұсқамалардың орындалуын бақылау негізінде өткізілді. Тексеру нәтижелері бойынша білім беру ұйымдарына қатысты заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік шаралар қолданылды.
Сонымен қатар, аумақтық департаменттердің қызметіне қатысты 4 ішкі бақылау іс-шарасы жүргізілді.
Жүргізілген мемлекеттік бақылау және қадағалау шаралары Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қорғауға, сондай-ақ білім беру ұйымдарының қызмет сапасын арттыруға бағытталды.