Жетісу облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау және сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шара өткізілді.
2026 жылғы 11 ақпанда Алматы және Жетісу облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен келісу негізінде, 24 ақпан күні Департамент қызметкерлері үшін Талдықорған қаласында орналасқан қылмыстық-атқару жүйесінің №71 мекемесіне экскурсия ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында №71 мекеме тарапынан тиісті ұйымдастыру шаралары қабылданып, қауіпсіздік талаптарының толық сақталуы қамтамасыз етілді.
Экскурсия аясында №71 мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Е. Асылбеков Департамент қызметкерлерімен сұхбат өткізіп, мекеме қызметінің ерекшеліктері туралы ақпарат берді және қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Аталған іс-шара мемлекеттік қызметшілердің заң талаптарын қатаң сақтауы, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік қағидатын қалыптастыру және құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Кандидатқа арналған бөлмені дөңгелек шолу бойынша нұсқаулық
Тестілеуді бастамас бұрын және конкурс кезеңдерінен өту кезінде
бөлме мен жұмыс орнының белгіленген талаптарға сәйкес келетінін
растау қажет. Төмендегі нұсқауларды мұқият орындауыңызды
сұраймыз.
1. Телефонды (360° камера) алып, бөлмені баяу толық шеңбер
бойымен көрсетіңіз.
Телефонды күрт қозғалтпаңыз — бейне анық болуы тиіс.
2. Бөлмені толық шеңбер бойымен көрсетіңіз, бейнекадрға
төмендегілердің барлығы толық қамтылуы тиіс:
барлық қабырғалар;
бұрыштар;
төбе;
үстелдің астыңғы бөлігі.
3. Тестілеу/конкурс кезеңі барысында пайдаланылатын
жабдықтарды көрсетіңіз:
монитор;
пернетақта;
компьютер тінтуірі;
жүйелік блок (егер пайдаланылса).
4. Шолу аяқталғаннан кейін телефонды (360° камераны) жұмыс
орны, кандидаттың қырынан көрінісі, монитор аймағы және оның
артындағы кеңістік бейнежазбаға толық түсетіндей жеткілікті қашықтықта бекіту қажет
Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру шеңберінде ағымдағы жылдың 2 қыркүйегінен бастап «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны ресми түрде бастау алды.
Марафон шеңберінде мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің кәсіби, интеллектуалдық және тұлғалық әлеуетін арттыру бойынша «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» арнайы бағыты іске асырылатын болады.
Жетісу облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету Департаменттің барлық мемлекеттік қызметшілері www.reading-nation.kz ресми платформасында тіркелді. «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағытына жауапты үйлестіруші тағайындалып, марафонның мақсаты, шарттары мен ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қазақстанда алғашқы республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына тіркелу басталды. Жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттау мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ең ауқымды ұлттық бастамалардың біріне айналмақ.
Марафон 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Жоба 7 бағытты қамтиды:
- «Кітап оқитын мектеп» — 6–10 сынып оқушылары;
- «Кітап оқитын колледж» — колледж студенттері;
- «Кітап оқитын университет» — жоғары оқу орындарының студенттері;
- «Кітап оқитын педагог» — мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;
- «Кітап оқитын әулет» — отбасылық командалар;
- «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» — мемлекеттік қызметшілер;
- «Кітап оқитын зияткер» — жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азаматтар.
Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы қажет. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар енді. Тізімді жасақтау кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған туындыларды қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер де ескерілді.
Негізгі оқу кезеңі биыл қыркүйек айында басталып, 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта қатысушылар кітаптарды оқып, жеке кабинетінде пікірлерін жариялап отырады. Ал 2027 жылғы наурыз–сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.
Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталады:
1-орын — 600 000 теңге;
2-орын — 450 000 теңге;
3-орын — 300 000 теңге.
Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты байқаудың өзімен ғана шектелмейді.
«Бүгін біз «Кітап оқитын ұлт» алғашқы республикалық марафонына тіркелуді ашып, осылайша жасы, мамандығы мен қызығушылығы әртүрлі адамдарды кітап төңірегіне біріктіретін үлкен жалпыұлттық қозғалысқа жол ашып отырмыз.
Баршаңызды марафонға қатысуға шақырамын. Бірлесе отырып, кітап оқуды Қазақстандағы заманауи өмірдің маңызды құрамдас бөлігіне айналдыра аламыз деп сенемін. Сондай-ақ зерделі ұлттың — қуатты, білімді әрі ойлайтын ұлт екенін көрсете аламыз», — деді Бақытжан Тұрлыбеков.
Қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер және кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған: www.reading-nation.kz
Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонын жүзеге асыруға жобаның бірқатар маңызды серіктестері де атсалысуда. Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, KITAP және «Яндекс Кітаптар» цифрлық платформалары оқу мәдениетін дамытуға, заманауи әдеби бастамаларды қолдауға және оқырмандардың кітаппен өзара байланысуына жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етпек.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
2026 жылдың 13 тамызында облыстық тамыз конференциясы аясында мектеп басшыларының секциялық отырысында Жетісу облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Башаров Әлішер Қуанышбайұлы Облыстың білім берудің өзекті мәселелері бойынша сөз сөйледі. Спикер Департаменттің бақылау іс-шаралары мен мониторингтер қорытындыларының талдауымен таныстырды, білім беру процесін материалдық-техникалық және кадрлық қамтамасыз ету мәселелерін шешу жолдарын ұсынды.
2026 жылғы 1 сәуірден бастап Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен елімізде балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталықтарының қызметін міндетті лицензиялау енгізілді.
Лицензиялау талаптары медициналық қызмет көрсетудің ұйымдастырылуын, қауіпсіздік жүйелерінің болуын, бекітілген білім беру-сауықтыру бағдарламаларын іске асыруды, санитарлық нормалардың сақталуын және балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалуына қажетті инфрақұрылымның болуын қамтиды.
Жаңашылдық жыл бойы және маусымдық жұмыс істейтін орталықтарға қатысты және балаларға білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін мемлекеттік те, жекеменшік ұйымдарға да қолданылады.
Осы уақыт аралығында департамент тарапынан Жетісу облысы бойынша мемлекеттік 4, жекеменшік 4 маусымдық балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталығына қолданыстағы заңнама тәртібімен лицензия берілді.
Жетісу облысында орта білім беру ұйымдарының 2026–2027 оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізудің екінші кезеңі жалғасуда.
Мониторингтің екінші кезеңі аясында Департамент басшысы мен мамандары білім беру ұйымдарына барып, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарының нақты жағдайын зерделеуде. Бұл кезеңде мектептердің материалдық-техникалық базасының жай-күйі мен білім алушылардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына қажетті жағдайлардың қамтамасыз етілу деңгейіне ерекше назар аударылуда.
Екінші кезеңде облыстың 11 мектебін қамту жоспарланған.
Мониторинг барысында білім беру ұйымдарындағы ағымдағы жөндеу жұмыстарының орындалуы, ғимараттардың санитариялық жағдайы, оқу кабинеттері мен басқа да үй-жайларды тазалау, сырлау және әктеу жұмыстарының сапасы, жылыту, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінің жаңа оқу жылына дайындығы қарастырылуда. Сонымен қатар асхана мен тамақтандыру блогының санитариялық-техникалық жай-күйі, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы, эвакуациялық жолдардың талапқа сәйкестігі, қауіпсіздік жүйелерінің жұмыс істеуі және білім алушылар үшін қауіпсіз, жайлы әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған өзге де дайындық шаралары зерделенуде.
Мониторинг қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою жөнінде тиісті ұсынымдар беріліп, олардың орындалуына бақылау жүргізілетін болады. Бұл жұмыстар білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылын ұйымдасқан түрде бастап, оқушылардың қауіпсіз әрі сапалы білім алуына қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған.
Жетісу облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің (бұдан әрі – Департамент) басшысы А. Башаров Департамент қызметкерлерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі №200 қаулысымен бекітілген «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдаманың» негізгі ережелерін түсіндіруге арналған кеңес өткізді.
Кеңес барысында құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған халықаралық тәжірибелер талқыланды. Атап айтқанда, заң үстемдігін қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру және азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеру қоғамда заңға құрмет пен құқықтық сананы қалыптастырудың маңызды шарттары екені айтылды.
Сондай-ақ тұжырымдаманың негізгі қағидаттары ретінде заң үстемдігі, ашықтық, адам құқықтарын құрметтеу, қоғамның қатысуын қамтамасыз ету, ұлттық ерекшеліктерді ескеру және сараланған тәсіл айқындалғаны атап өтілді. Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде халықтың құқықтық сауаттылығы артып, құқық бұзушылықтардың деңгейі төмендеп, мемлекеттік институттарға деген сенімнің күшеюі күтілетіні жеткізілді.
Қабылданған түзетулер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 15 тамызда өткен Тамыз конференциясында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленді. Өзгерістер педагогтердің құқықтық қорғалуын күшейтуге, оларды кәсіби қызметіне қатысы жоқ міндеттерге тартуға жол бермеуге, әкімшілік жүктемені азайтуға және білім беру саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған.
Жаңа нормаларға сәйкес педагогтердің, мектептер мен өзге де білім беру ұйымдары басшылығының білім алушылар үшін жауапкершілігі тек кәсіби міндеттерін орындау кезеңімен, яғни білім беру процесі уақытында ғана шектеледі. Сонымен қатар баланың денсаулығы, өмірі мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігі нақтыланды.
Заң педагогтерден білім беру саласындағы заңнамада көзделмеген кез келген есептер мен мәліметтерді талап етуге тыйым салады. Бұдан бөлек, құжаттаманы бір мезгілде қағаз және электрондық форматта жүргізу міндетін жүктегені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.
Түзетулердің жеке блогы мектептерде ұялы байланыс құрылғыларын пайдалануды реттеуге арналған. Оқу-ағарту министрлігіне орта білім беру ұйымдарындағы білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы байланыс құрылғыларын пайдалану қағидаларын бекіту өкілеттігі беріледі.
Сондай-ақ зияткерлік меншікке құрмет мәдениетін қалыптастыруға және білім сапасын арттыруға бағытталған академиялық адалдық ұғымы енгізіледі.
Бұдан басқа, әкімдіктерге жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына, сондай-ақ республикалық және (немесе) халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстар мен кәсіби шеберлік конкурстарына қатысатын өңірлік жеңімпаздардың қатысуын қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Аталған іс-шаралардың тізбесін Оқу-ағарту министрлігі айқындайды.
WorldSkills халықаралық кәсіби шеберлік конкурстарының жеңімпаздарына ҰБТ тапсырмай-ақ бейіндік білім беру бағдарламалары бойынша университеттерге түсу мүмкіндігі беріледі.
Сондай-ақ психологиялық-педагогикалық қолдауды қажет ететін балаларды қолдау шаралары кеңейтіледі. Заңның жекелеген нормалары шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының қызметін реттеуге және медициналық кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруге бағытталған.
https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/1240772?lang=kk