Жетісу облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті еліміздің мақтанышы болған педагогтердің есімін ұлықтап, олардың еңбегін ерекше атап өту мақсатында арнайы стенд әзірледі. Стендте «Қазақстанның Еңбек Ері» және «Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы» атақтарына ие болған педагогтердің есімдері мен бейнелері лайықты құрметпен көрсетілді.
Аталған бастама білім саласындағы майталман мамандардың еңбегін бағалап, жалпы педагог мәртебесін асқақтатып, жас буынға үлгі етуге бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің білім саласына сіңірген елеулі еңбектері үшін осы ұстаздарды арнайы марапаттаған болатын. Бұл – олардың ұлт болашағы үшін атқарған еңбектерін мойындап, оларға көрсетілген құрметтің белгісі. Осындай ерекше марапат алған педагогтер елдің ең бағалы қазыналарының бірі және олардың еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес.