
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев облыс әкімдерінің орынбасарлары, білім басқармалары мен білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің басшыларымен бірлескен шұғыл кеңесте осындай тапсырма берді.
Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова Петропавл қаласындағы мектепте алдын ала тексеру нәтижелері және оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспарлары туралы айтты.
«Комитет әдістемелік және психологиялық көмек бойынша жұмысты жалғастырады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2019 жылдан бастап білім беру объектілеріндегі қауіпсіздік жағдайына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Келесі аптадан бастап бір ай бойы бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің, ата – аналар қауымдастығының, сарапшылардың, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен оқу орындарында қауіпсіздікті ұйымдастыру мәселесі бойынша тексеру жүргіземіз», - деп атап өтті Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Комитет мүдделі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді және талдауды жүзеге асыратын құқықтық базаны қалыптастыруда. Сондай-ақ мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелермен жарақтандырудың стандарттары мен талаптары, білім беру ұйымдарында пайдалану үшін шектелген тыйым салынған заттардың тізімі пысықталды. Өткен жылы нысандарды терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық әзірленді, ал 2023 жылғы қаңтарда өңірлерге педагогтер мен білім алушыларға арналған іс-қимыл алгоритмдері жіберілді.