Педагог мәртебесі: перспективалар мен кәсіби сын-қатерлер
Педагог мәртебесі: кәсіби сын-қатерлер мен даму перспективалары
Білім – мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның дамуының берік негізі. Өскелең ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырып, білім беріп, адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, болашақ мамандарды тәрбиелейтін – педагог. Сондықтан педагог мәртебесін нығайту Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңының қабылдануы болды. Аталған заң педагогтердің кәсіби қызметінің құқықтық кепілдіктерін бекітіп, олардың құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын айқындады. Заңның негізгі мақсаты – педагогтің білім алушыларды сапалы оқыту мен тәрбиелеуге толыққанды көңіл бөлуіне қолайлы жағдай жасау.
Сонымен қатар, қазіргі білім беру жүйесі педагогтер алдына жаңа міндеттер жүктеп отыр. Жоғары кәсіби жүктеме, білім беруді цифрландыру, біліктілікті үздіксіз арттыру қажеттілігі, кәсіби күйзелістің алдын алу, педагогикалық әдеп нормаларын сақтау және ата-аналармен сындарлы қарым-қатынас орнату педагогтен тұрақты кәсіби дамуды және жоғары құқықтық мәдениетті талап етеді.
Ұлытау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жанындағы Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің жұмыс тәжірибесі педагог мәртебесін қорғау кешенді тәсілді және білім беру процесіне қатысушылардың ортақ жауапкершілігін қажет ететінін көрсетеді. 2026 жылы келіп түскен өтініштерді талдау білім беру ұйымдарындағы жанжалдардың едәуір бөлігінің алдын алу жұмыстарын уақтылы жүргізу, заңнаманы сақтау және құқықтық сауаттылықты арттыру арқылы болдырмауға болатынын айғақтайды.
Өз құзыреті шеңберінде Департамент педагог мәртебесі туралы заңнаманы іске асыру және Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестердің қызметін ұйымдастыру мәселелері бойынша жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Білім беру ұйымдарында кәсіби әдеп нормаларының бұзылуының алдын алу тетігі ретінде аталған кеңестердің тиімді қызметіне ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар, облыстың мектепке дейінгі ұйымдарында, жалпы білім беретін мектептерінде және колледждерінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №190 бұйрығымен бекітілген «Педагогикалық әдептің кейбір мәселелері туралы» талаптардың сақталуына Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестердің қызметіне мониторинг жүргізілді. Мониторинг қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарына профилактикалық жұмысты жетілдіру және заңнаманың бірыңғай талаптарын сақтау жөнінде ұсынымдар берілді.
Департамент өз құзыреті шегінде педагогтердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Сонымен бірге заңнаманы сақтау, педагогикалық әдеп қағидаттарын ұстану және академиялық адалдық принциптерін сақтау – әрбір педагог пен білім беру ұйымы басшысының міндеті. Өзара құрмет, кәсіби жауапкершілік және құқықтық мәдениет қана қолайлы білім беру ортасын қалыптастырып, мұғалім мамандығына деген қоғамдық сенімді нығайта алады.
Профилактикалық жұмыстың маңызды бағыттарының бірі ретінде 2026 жылы «Білім беру жүйесінде конституциялық қағидаттарды ілгерілету арқылы білім сапасын қамтамасыз ету және педагог мәртебесін нығайту» тақырыбында өңірлік диалог алаңы ұйымдастырылды. Іс-шараға Ұлытау облысының білім беру жүйесінен 200-ден астам өкіл – білім бөлімдерінің басшылары, білім беру ұйымдарының директорлары, директорлардың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары және педагогтер қатысты. Диалог алаңы білім сапасын арттыру, заңнаманы сақтау және педагогикалық әдеп мәдениетін дамыту мәселелерін талқылауға арналған кәсіби пікір алмасу алаңына айналды.
Бүгінде педагог мәртебесі институтын дамыту профилактикалық бағытқа басымдық беріп келеді. Негізгі міндет – құқықтық мәдениетті қалыптастыру, жанжалды жағдайлардың алдын алу, Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестердің қызметін жетілдіру және педагогтер, ата-аналар мен қоғам арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды дамыту.
Педагог мәртебесін арттыру – тек мемлекеттің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Өйткені мұғалім еңбегіне деген құрмет, оның кәсіби құқықтарының сақталуы және білім беру процесіне қатысушылардың жоғары жауапкершілігі білім сапасының, адами капиталдың дамуының және еліміздің жарқын болашағының басты кепілі болып табылады.
Ұлытау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Г.Н. Жакупбекова