«Жас маманның» жетістігі: тәлімгер мен спикердің рөлі

«Жас маманның» жетістігі: тәлімгер мен спикердің рөлі

Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Бауыржанұлы Алматов аудандағы білім беру ұйымдарының жас педагогтерімен кездесті.

«Жас маманның жетістігі: тәлімгер мен спикердің рөлі» тақырыбында өткен жиында Ғалымжан Бауыржанұлы Жаңа Әділетті Қазақстанның болашағы – жастардың қолында екенін атап өтті. 

– Жас ұрпаққа заманға лайық тәрбие беріп, білімді де білікті азамат етіп қалыптастыру – педагогтардың міндеті. Біз өз мамандығымызбен мақтанғанда, Жаңа Қазақстанның болашағын тәрбиелеп жатырмыз деген ұғыммен мақтануымыз қажет, – деді департамент басшысы. 

№2 «Абылайхан» жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жадыра Парсаханова мамандыққа деген махаббатын ерекше атап өтті.

– Мені бұл мамандыққа итермелеген құдіретті күш – сүйікті мұғалімдеріміздің адамдық қасиеті, терең білімі мен өнегелі тәрбиесі болды. Ойлана келе, барлық мамандықтың төресі – ұстаздық деген тоқтамға келдім. Ендігі арманым, өзімнің сүйікті ұстаздарымның жолын ары қарай жалғастырып, бәсекеге қабілетті, білімі ешкімнен кем түспейтін шәкірт тәрбиелеу, – деді жас маман.

 Жиын барысында жас педагогтер көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тәжірибелі мамандардан жауап алды.

Айта кетейік, кездесуге Мақтаарал ауданының білім бөліміне қарасты 20-дан астам білім беру ұйымының 150-ге тарта жас мамандары қатысты.