Білім саласының ардагеріне құрмет көрсетті

Білім саласының ардагеріне құрмет көрсетті

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Бауыржанұлы Алматов білім саласының ардагері Шахар Якудақызы Женсикбаеваның шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті.

Ұзақ жылдар бойы саналы ұрпақ тәрбиелеп, шәкірттеріне білім нәрін сусындатқан ұлағатты ұстаздың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Департамент басшысы ардагердің хал-жағдайын сұрап, білім беру саласына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Ұлағатты ұстаз Шахар Женсикбаева 1950 жылы 10 наурызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ақмая елді мекенінде дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану факультетіне түсіп, 1972 жылы «Химия және биология» мамандығы бойынша бітірді. Осы жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектепке химия және биология пәндерінің мұғалімі болып орналасты. Ұстаздық қызметінде үздік жетістіктерге жетіп, шәкірттері облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленді. Бүкіл аудан, облыс бойынша «Химия сабақтарында дәстүрлі ойындар мен қазақтың салт-дәстүрлерін қолдану» тақырыбында әдістемелік еңбектері таратылған, шәкірттері ҰБТ-ден жоғары балл жинап, республикалық және халықаралық деңгейде танылғаны үшін «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен және «Ыбырай Алтынсарин атындағы медалімен» марапатталған.

2008 жылы зейнеткерлікке шыққан соң да, ұстаздық қызметін жалғастырып, Мырзакент мектебінде 5 жыл химия пәнінен сабақ берген. Оның шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде педагог, дәрігер, инженер, тамақ өнеркәсібі мен металлургия саласында қызмет етуде. Жұбайы Тұрашев Нұрғали екеуі 4 перзент тәрбиелеп өсірген. Қазіргі таңда 10 немере, 10-нан аса шөбере сүйіп, үлкен әулеттің ақылшы ардагері атанып отыр.

Шөберелері мен немерелері өзі ұзақ жылдар еңбек еткен Абылайхан мектебінде білім алуда.

Ұлағатты ұстазға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!