
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа форматтағы көшбасшыларды іріктеуге және оқытуға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында, еліміз бойынша 376 үміткер республикалық кадр резервіне алынды.
Марапаттау рәсіміне қатысқан Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев тиімді менеджментті дамытуға және кадрлық резервті құруға ерекше басымдық берілетінін атап өтті.
«Алты ай ішінде сіздер әртүрлі іріктеу кезеңдерінен өтіп, көшбасшылық, кәсіби және басқарушылық дағдыларыңызды жетілдірдіңіздер. Енді сіздердің алдарыңызда отандық білім сапасын арттыруға үлес қосу, ең бастысы, балаларымыз бен педагогтеріміз үшін қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын қамтамасыз ету бойынша үлкен міндет тұр», - деді министр.
Оларға конкурссыз қызметке тағайындау туралы сертификаттар табыс етілді.
Осы ретте Түркістан облысы бойынша 43 үміткер сертификатқа ие болды. Департамент басшысы 2 желтоқсан күні олармен Zoom платформасы арқылы кездесу ұйымдастырып, арнайы құттықтап өтті. Zoom кездесу барысында сертификат иегерлері өздерінің қалай білім алғаны туралы әсерлерімен, ой-пікірлерімен бөлісті.
Жаңа буынның менеджерлері кадр мәселесін шешуге өз үлесін қосады, сонымен қатар жаңа мектептерді, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептерді де басқарады деп күтілуде.
Сертификат иегерлеріне алдағы уақытта жұмыстарына сәттілік тілейміз!