
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ӘДЕП КЕҢЕСІНІҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТКІЗІЛДІ
Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіндегі педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес жұмысының жоспарына сәйкес, 2024 жылдың 21 қараша күні Бәйдібек, Сайрам аудандарында көшпелі Кеңес отырысы өткізілді.
Кеңес отырысына аудандағы білім беру ұйымдарының басшылары және білім беру ұйымы жанынан құрылған әдеп кеңесінің төрағалары қатысты.
Кеңесте Бәйдібек ауданының «Шаян мектеп-лицейі» жанындағы Әдеп кеңесінің төрайымы А.Ергешованың және Сайрам ауданының №67 «Көмешбұлақ» жалпы білім беретін мектеп жанындағы Әдеп кеңесінің төрайымы Д.Абдукаримованың есебі тыңдалды.
Сонымен қатар, Бәйдібек ауданының білім бөлімінің басшысы Пернеев Ерболат Аманұлы және Сайрам ауданының білім бөлімінің басшысы Ахметов Бауыржан Талғатұлы педагогикалық әдеп кеңесінің құрылуы, жүргізілу барысы жөнінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Департамент басшысы, Кеңес төрағасы Ғалымжан Бауыржанұлы білім беру ұйымдарындағы әдеп кеңесінің жұмысын жүргізуде кемшіліктер орын алып жатқандығына тоқталып, ұсыныстарын жеткізді.
Түркістан облысының білім саласының «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Кеңес мүшесі Байғұт Нышан Тасболатұлы педагогтардың біліміне, әдебіне тікелей жауапты білім беру ұйымдарының басшылары екенін айта келіп, заңдарға, бұйрықтарға сәйкес жұмыс жүргізу жөнінде өз ұсынысын айтса, Кеңес мүшесі Шайдулла Жандос білім беру ұйымдарындағы әдеп кеңесі тиімді жұмыс істейтін болса, ұжымдағы ахуал дұрыс болатындығын атап өтті.
Білім беру ұйымдарындағы педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) білім беру ұйымдарында құрылатын және педагогтердің педагогикалық әдепті сақтауы мәселелерін қарайтын алқалы орган.
Кеңес педагогтердің педагогикалық әдепті сақтауы мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың арыздарын қарастырады.
Кеңестің негізгі міндеттері:
- педагогикалық әдептің бұзылу мониторингі, профилактикасы және оның алдын алу;
- білім беру ұйымы ұжымының адамгершілік-психологиялық ахуалын жақсартуға, педагогикалық әдептің бұзылуына байланысты даулы жағдайларды реттеуге ықпал ету;
- педагогтердің жауапкершілігі туралы мәселені дұрыс қарау үшін қажетті және жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу;
- педагогикалық әдепті бұзуға ықпал ететін себептер мен жағдайларды қарау және олардың негізінде білім беру ұйымының басшысына ұсынымдар әзірлеу.
Кеңес өз құзыреті шегінде:
- өз отырыстарында педагогтер мен қаралатын мәселелерге қатысы бар тұлғаларды тыңдайды;
- білім беру ұйымының алдында тұрған міндеттерді орындау үшін қажетті құжаттарды, материалдарды және ақпаратты сұратады;
- педагогикалық әдепті бұзу фактілеріне тексеріс жүргізу туралы білім беру ұйымының басшысына ұсыныстар енгізеді;
- білім беру ұйымы басшысының қарауына педагогикалық әдепті бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ұсыныстар енгізеді;
- Кеңестің ұсынымдарын тиісті түрде қарастырмаған білім беру ұйымының лауазымды тұлғаларының жауапкершілігін қарау туралы ұсыныстармен құзыретті мемлекеттік органдарға немесе тиісті лауазымды тұлғаларға жүгінеді;
- тараптарды татуластыру бойынша жұмыс жүргізеді және т.б.
Кеңес қызметін ұйымдастыру
Кеңестің өкілеттік мерзімі үш жылды құрайды. Кеңес төрағадан, хатшыдан және Кеңестің басқа да мүшелерінен тұрады. Кеңес мүшелерінің саны тақ болуы және 7 адамнан кем болмауы тиіс (Кеңес хатшысын есептемегенде).
Кеңеске келесі тұлғалар кіреді:
- білім басқармаларының (бөлімдерінің) өкілдері, білім беру саласында қызметін жүзеге асыратын кәсіподақтардың және (немесе) үкіметтік емес ұйымдардың және (немесе) қоғамдық бірлестіктердің өкілдері;
- кемінде екі педагог;
- құрметті демалысқа шыққан педагогтер.
Білім беру ұйымының басшысы, білім беру ұйымының басқарушылық, әкімшілік, қосалқы персоналының қызметкерлері, осы білім беру ұйымының білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің ата-аналары Кеңес құрамына оның мүшелері ретінде енгізілмейді. Бұл ретте Кеңес хатшысы ретінде білім беру ұйымының басқарушылық, әкімшілік, қосалқы персоналының қызметкерлеріне жол беріледі. Толығырақ министрліктің 11.05.2020 жылғы №190 бұйрығында айқындалған.
Кеңес қорытындысына сәйкес, Ғалымжан Бауыржанұлы педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің жұмысы қалай ұйымдастырылатын айта келе, әдеп кеңесін қайта құру барысында ардагер ұстаздарымызды кеңес құрамына қосу жөнінде ұсыныс білдіріп, аудандық білім бөлімі және білім беру ұйымдары басшыларын атқарып отырған жұмыстарына жауапкершілікпен қарауға шақырды.