ПЕДАГОГИКАЛЫҚ БІЛІМІ БАР АДАМДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚАЙТА ДАЯРЛАУДАН ӨТПЕЙДІ!
Жоғары білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2022 жылғы 20 шілдедегі № 2 бұйрығы) (бұдан әрі – ЖБМЖМС) сәйкес жоғары білім беру бағдарламасының мазмұны келесі циклдағы пәндерден тұрады: жалпы білім беретін пәндер (56 академиялық сағат), базалық пәндер және бейіндеуші пәндер (кемінде 176 академиялық кредит).
«Педагог мәртебесі туралы» заңның 10-бабының 1-тармағына сәйкес педагогтік білімі жоқ, тиісті бейіні бойынша педагогтің кәсіптік қызметіне алғаш рет кірісетін кәсіптік білімі бар адамдар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының базасында педагогтік қайта даярлаудан өтеді.
Педагог кадрларды қайта даярлау 2020 жылғы 10 наурыздағы № 110 бұйрығымен бекітілген Педагогикалық кадрларды қайта даярлау қағидаларымен реттеледі.
Мысалы, «Ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша жоғары білімі бар, ЖБМЖМС бойынша кемінде 176 академиялық кредитті құрайтын базалық және бейіндеуші пәндерді меңгерген, яғни информатиканы толық меңгерген тұлға информатика мұғалімі болғысы келсе, лицензиясы бар жоғары оқу орнында педагогикалық қайта даярлаудан өте алады. Педагогикалық қайта даярлау барысында педагогика және психология, физиология, оқыту әдістемесі, педагогикалық практиканы және т.б. өтеді.
Бұл ретте педагогикалық қайта даярлау курстарының білім беру бағдарламаларын ЖОО-лар әзірлейді және Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2022 жылғы 12 қазандағы бұйрығына сәйкес міндетті сараптамадан өтеді. Оң шешім қабылданғаннан кейін білім беру бағдарламасы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізіледі. Тізілімге енгізілгеннен кейін ғана ЖОО-лар қайта даярлау курстарын өткізуге құқылы.
Педагогикалық білімі бар адамдар педагогикалық қайта даярлаудан өтпейді (лицензиясы бар ЖОО болса да).
Мысалы, «биология мұғалімі» мамандығы бойынша дипломы бар мұғалім басқа пәндерден (тарих, география, физика және т.б.) мұғалім болу үшін педагогикалық қайта даярлаудан өте алмайды, өйткені ЖБМЖМС бойынша жоғарыда аталған оқытушы тек «биология» пәні бойынша базалық және бейінді пәндерді (176 академиялық кредит) оқығандығы көрсетілген.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес (ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 600 бұйрығы) педагогикалық мамандықтары бойынша дипломдары бар Қазақстан Республикасының азаматтары қысқартылған оқу мерзімі бойынша оқуға қабылданады.
ҚО Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылғы 31 тамыздағы №385 бұйрығымен бекітілген Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларына сәйкес қосымша білім беру ұйымдары оқытуды мынадай нысандар бойынша жүргізеді: қайта даярлау, кәсіптік даярлау, біліктілікті арттыру, тағылымдама. Бұл нормада педагогикалық қайта даярлау туралы айтылмаған.
Үлгілік қағидаларға сәйкес ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдары педагогикалық мамандықтардан басқа мамандықтар бойынша (техникалық, энергетика, су шаруашылығы және т.б.) қайта даярлауды жүргізе алады.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты, аталған нормативтік құқықтық актілердің негізінде ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдарының педагогикалық және педагогикалық емес білімі бар тұлғаларды педагогикалық қайта даярлаудан өткізуге құқығы жоқ.