СҚО БССҚД басшысы Г. Т. Таласбаева Петропавл қаласының білім беру ұйымдарының PISA-2025 зерттеуіне дайындық барысымен танысты.
Зерттеуге республика бойынша барлығы 21 мыңнан астам 15- жастағы білім алушы қатысады. СҚО бойынша облыстың 46 мектебі мен 3 колледжінің 15- жастағы білім алушылары қатысады.
2025 жылы PISA зерттеуі қалай өтеді?
2025 жылы PISA зерттеуінің тоғызыншы циклі өтеді. Жаңа циклге әлемнің 89 елі қатысады деп күтілуде. PISA – 15 жастағы білім алушылардың оқу, математика және жаратылыстану салаларындағы білімдері мен дағдыларын өмірлік мәселелерді шешуде қалай пайдаланатынын бағалайтын халықаралық зерттеу.
PISA 2025 циклінде қандай жаңашылдықтар болмақ?
PISA-2025 циклында жаратылыстану ғылымдарының тұжырымдамасы жаңартылды.
PISA-2025 тұжырымдамасы «жаратылыстану сауаттылығы» ұғымын кеңейтеді: тұжырымдамада жаратылыстану пәндері бойынша оқу нәтижелері кеңірек қарастырылатын болады.
«Цифрлық әлемде білім алу» - PISA-2025 циклінің инновациялық бағыты
PISA зерттеуі оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығын бағалайды. 2012 жылдан бастап аталған үш бағытқа қоса, әр цикл сайын өзгеретін төртінші (инновациялық) бағыт зерттеледі. Мәселен, 2012 жылы зерттеудің инновациялық бағыты – мәселені креативті жолмен шешу, 2015 жылы – мәселені бірлесіп шешу, 2018 жылы – жаһандық құзыреттілік, 2022 жылы – креативті ойлау болды. 2025 жылы цифрлық әлемде білім алу инновациялық бағыт ретінде анықталды.
Зерттеудің бағалау аясына инновациялық бағытты қосу функционалдық сауаттылық түсінігін кеңейтуге мүмкіндік берді. Бұл арқылы 15 жастағы білім алушылардың «шынайы өмірге дайындығын» неғұрлым толығырақ бағалауға болады.
Цифрлық әлемде білім алу бағытын бағалаудың мақсаты:
1) білім алушылардың цифрлық әлемде қаншалықты табысты, өздігінен жұмыс істей алатындығын айқындау;
2) білім беруде цифрлық технологияларды пайдалану және білім алушылардың оқу нәтижелері туралы өзекті және салыстырмалы деректерді алу.