
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысында 4 мектептің құрылысы қарастырылған, барлығы 2700 жаңа оқушы орны іске қосылатын болады.
Ағымдағы жылы облыс орталығының «Береке» және «Орман» шағын аудандарында екі мектептің құрылысы жүріп жатыр, әр мектеп 600 оқушы орнына арналған.
Оқу ағарту министрлігі білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне жайлы мектептердің құрылысына мониторинг жүргізуді тапсырды. Мониторинг аясында бүгін осы мектептердің құрылыс барысымен танысу үшін құрылыс учаскелеріне кезекті рет департамент басшысы Г.Т. Таласбаева барып қайтты.
«Орман» шағын ауданындағы мектептің құрылыс учаскесі бастығы Ілиясов Сәкеннің ақпараты бойынша құрылыстың негізгі көлемі орындалды және аумақты абаттандыру, қоршау орнату, ғимаратты қаптау, спорт залының шатырын орнату жұмыстары жүгізілуде. Нысан құрылысына 204 адам және 9 бірлік техника жұмылдырылған, жұмыстар екі ауысымда жүргізілуде. Орындалған жұмыстардың жалпы көлемі шамамен 80% құрайды, нысанды тапсыру ағымдағы жылдың 30 қарашасына жоспарланып отыр.
«Береке» шағын ауданында жайлы мектептің құрылысын ЖШС «Бірлік». мердігері жүзеге асыруда. Құрылыс учаскесінің бастығы Иван Ермиловтың айтуынша, нысанда 2 ауысымда 102 адам жұмыс істейді. Құрылыс жұмыстарының қарқынына көктемгі су тасқыны әсер етті. Жинақталған еріген және жаңбыр сулары құрылыс барысын қиындатуда. Инженерлік коммуникацияларды монтаждау жұмысы 50% орындалды. Орындалған жұмыстың жалпы көлемі небәрі 25-28% құрайды. Нысанды тапсыру 2025 жылдың басына жоспарланған.