Ағымдағы жылдың 25 желтоқсанында Солтүстік Қазақстан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің (бұдан әрі – Департамент) басшысы Гүлнар Темірболатқызы Таласбаеваның төрағалығымен педагогикалық әдеп жөніндегі Кеңестің кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды: 1. Солтүстік Қазақстан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметі туралы.
2. Азаматтардың өтініштеріне талдау жасау.
Бірінші мәселе бойынша Департамент басшысы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Сөйлеген сөзінде бақылау іс-шаралары, мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша статистикалық деректер, ББЖМ-2025 нәтижелерін 2024 жылғы ББЖМ нәтижелерімен салыстырмалы көрсеткіштері, 4 және 9-сынып оқушыларының кешенді тестілеу нәтижелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің баптары бойынша жауапкершілікке тарту саны айтылды.
Сонымен қатар, нормативтік-құқықтық актілерді түсіндіру бойынша өткізілген іс-шаралар, облыс прокуратурасымен, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің департаментімен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен, жергілікті атқарушы орган өкілдерімен, қалалық/аудандық білім бөлімдерімен, облыстық әдістемелік орталықпен, қалалық және аудандық әдістемелік кабинеттермен және бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп атқарылған жұмыстар туралы баяндалды. Басшы өз сөзінде «Педагог мәртебесі туралы» Заңның сақталуы, педагогикалық әдеп және педагог мамандығының беделін арттыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті.
Екінші мәселе бойынша Департаменттің бас маманы Күлзағира Бикенқызы Нұртаева сөз сөйледі. Ол келіп түскен және қаралған өтініштердің санына тоқталып, олардың мазмұнына талдау жасады. Барлық өтініштер бойынша Департамент қызметкерлері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес түсініктемелер берді, сондай-ақ 4 өтініш бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілді.
Бұдан бөлек, отырыс барысында Департамент басшысы 2026 жылдың ақпан айынан бастап білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау форматының жаңартылатыны туралы хабардар етті.
Отырыс соңында Кеңес мүшелері білім беру саласындағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізу бойынша ұсыныстарын білдірді.