
Ағымдағы жылдың 22 қыркүйегінде Департамент басшысы Гүлнәр Темірболатқызы Таласбаева Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитетінің төрағасы Серік Кеңесұлы Ашировтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңеске қатысты.
Кеңесте білім беру ұйымдарының педагогтері мен басшылары қызметінің тиімділігі рейтингін жүргізу әдістемелері қаралды (Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту Министрінің 2025 жылғы 29 тамыздағы № 197 бұйрығы). Осы мәселе бойынша «Өрлеу «Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы Айдана Сенбекқызы Шилибекова сөз сөйледі. Спикер аумақтық департаменттердің басшыларын педагогикалық жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыруға қатысуға шақырды.
Сондай-ақ, кеңесте Министрліктің тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Қалмақов Ерлан Болатұлы баяндама ұсынды. Спикер өз сөзінде жаңа оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарында, соның ішінде жеке білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы «Адал азамат» Бірыңғай бағдарламасы негізінде құрылатынын атап өтті. Бұл бұрын қолданыста болған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының қисынды жалғасы, бірақ мемлекет Басшысының «Адал Азамат – Адал еңбек – Адал табыс» идеологиялық тұжырымдамасына сәйкес келетін жаңартылған мазмұны мен атауы бар. Сондай-ақ, «Адал азамат» Бірыңғай тәрбие бағдарламасын кеңейту мақсатында ата-аналар қоғамы мен білім беру ұйымдарының өзара іс-қимылын дамыту үшін ата-аналар комитеттерін трансформациялау жүргізілетіні атап өтілді. Сондай-ақ, бағдарламаның құндылықтары негізінде әзірленген мектептердің бірыңғай дизайн-коды кезең-кезеңімен іске асырылатын болады деп ескертті.
Кеңес қорытындысы бойынша аумақтық департаменттердің басшыларына Комитет төрағасы бірқатар тапсырмалар берді.