«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының іске асырылуы

«Жайлы мектеп»  Ұлттық жобасының іске асырылуы

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында елімізде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы іске асырылуда, ол балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, заманауи талаптарға сай келетін жағдайларда сапалы тегін білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бастама жайлы мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға ықпал ететін кеңістікті қалыптастыруға арналған.Үкіметтің қаулысына сәйкес «Samruk-KazynaConstruction»АҚ ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде орта білім беру ұйымдары объектілерінің нысаналы құрылысы жөніндегі дирекция ретінде айқындалған.

Қаулыда ұлттық жоба бойынша орта білім беру ұйымдарының объектілерін жобалауды үйлестіруші-дирекциясы «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобаны жүзеге асырады деп көзделген – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері Комитеті Қазақстан Республикасының білім Министрлігімен (бұдан әрі-Министрлік) бірлесіп жасалған жалпы орта білім беретін мектептерді жобалауға арналған тапсырмаларға сәйкес 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000, 2500 білім алушыларға арналған жобаларды іске асырады.

Министрлік технологиялық жабдықтар мен жиһаздардың тізбесін әзірледі, оған сәйкес оқу процесін ұйымдастыру және білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту, МЖМБС күтілетін нәтижелеріне қол жеткізу үшін оқу зертханалары, компьютерлік сыныптары, STEM-зертханалары, робототехника бар физика, химия, биология кабинеттері көзделген.

Бастауыш сыныптарға арналған жеке блок, жобалық қуатына қарай спорт залдары, кең асхана, мектептің әрбір білім алушысына арналған жеке шкафтар.

Еңбекке баулуды ұйымдастыру, сондай-ақ білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту үшін тиісті жабдықтары бар әмбебап шеберханалар көзделген.

Оқу-тәрбие іс-шараларын өткізу үшін акт залы, сондай-ақ кітап қоймасы мен оқу залы, медиатека, электрондық кітапхана, оқуға және демалуға арналған коворкинг аймағы бар кітапхана көзделген.

 Жайлы мектепте инклюзивті білім беруге көп көңіл бөлінеді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жеке санитарлық бөлмелері бар кең кабинеттер бөлінді. Сондай-ақ мектептерде лифтілер, пандустар, арнайы көрсеткіштер, психолог, логопед және дефектолог кабинеттері орнатылған.

Мектеп аумағында волейбол, баскетбол, футбол, хоккей және т. б. ойнауға арналған спорт алаңдары бар.

Мектеп заманауи бейнебақылау және қол жеткізуді бақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген.

 Мектептің барлық үй-жайлары мен жиһаздары «Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 70 бұйрығына сәйкес жайлы, қауіпсіз және тиімді оқыту процесін ұйымдастыру үшін білім алушылар мен педагогтердің оқу-тәрбие қажеттіліктеріне жауап беретін эргономика талаптарына сәйкес ұйымдастырылған және жабдықталған.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында Солтүстік Қазақстан облысында «Орман» шағын ауданында 600 орындық мектеп салынды. Бүгінгі күні мектеп әкімшілігі «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, діни білім беру, кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру қызметтері саласында білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Білім Министрінің 2022 жылғы 30 қарашадағы № 483 бұйрығына сәйкес лицензия алу бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде.

 Сондай-ақ, «Береке» шағын ауданында 600 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде, бүгінгі күні жұмыс түрлері бойынша жұмыстар 75% - ға орындалды, мектепті іске қосу ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне жоспарланған.

 Министрлік «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын үйлестіруді, мониторингті және әдіснамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.