Павлодар қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған алғашқы оқу орны – №48 мектептің салтанатты ашылуы өтті

Павлодар қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған алғашқы оқу орны – №48 мектептің салтанатты ашылуы өтті

Биылғы Білім күні Павлодар облысы үшін ерекше болды. Павлодар қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған алғашқы оқу орны – №48 мектептің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.
«Достық» шағын ауданында орналасқан мектеп 1200 оқушыға арналған. Үш қабатты ғимаратта кең оқу кабинеттері, сондай-ақ әкімшілік-шаруашылық қажеттіліктерге арналған барлық блоктар бар. Мектеп заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқуға қолайлы жағдай жасалған.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін және мектеп директорына символикалық кілт тапсырылған соң, министр Ғани Бейсембаев оқу кабинеттерін, кітапхананы, коворкинг-орталықты, инклюзия кабинетін, шығармашылық және спорттық үйірмелерге арналған бөлмелерді, сондай-ақ мектептің акт залын аралап көрді.
Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Ғани Бейсембаев Павлодар ауданының Бірлік ауылындағы мектепке барды. 100 оқушыға арналған бұл мектеп инвестор қаражаты есебінен салынған. Ол да заманауи кабинеттермен, кітапханамен, акт және спорт залдарымен, медициналық кабинетпен және шеберханалармен жабдықталған. Мектепте мектепке дейінгі бүлдіршіндер үшін 40 орынды шағын орталық қарастырылған.
Сапары барысында Ғани Бейсембаев оқушылармен сөйлесіп, олардың жетістіктеріне қызығушылық танытты, сондай-ақ жас педагогтармен әңгімелесіп, оларға ақыл-кеңестерін берді. Өз кезегінде, оқушылардың ата-аналары ауылда 40 жыл күткен жаңа мектеп үшін алғыстарын білдірді.
Министрдің айтуынша, мұндай мектептердің мүмкіндіктері балалардың дарынын ашуға жол ашады. «Павлодар облысының балалары әрдайым жүлделі орындарға ие болған. Мен ата-аналар, тұрғындар мен ұстаздар қауымы бірігіп, сол даңқты қайтаруына тілектеспін. Ол ешқайда кеткен жоқ, тек күш салу керек», – деді ол.