
2024 жылғы 20 қарашада Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті тарапынан 2025 жылы мемлекеттік аттестаттаудан өтетін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына онлайн форматта семинар-кеңес өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Департамент басшысы Ғ. Дәулетова семинарды ашып, балабақша меңгерушілеріне ағымдағы жылы мемлекеттік аттестаттаудан өткен білім беру ұйымдары туралы ақпарат бере отырып, мемлекеттік аттестаттау –педагогикалық ұжымның қызметін мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарына сәйкестігіне кешенді бағалау, мектепке дейінгі мекемедегі білім мен тәрбие мазмұнының, деңгейі мен сапасының Мемлекеттік білім стандартының талаптарына сәйкестігін белгілеу болып табылады және білім беру ұйымдары меншік нысанына, ведомстволық бағыныстылығына қарамастан бес жылда бір рет мемлекеттік аттестаттаудан өтетіндігін атап өтті.

Білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің басшысы А.Мырзагалиева Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 5 желтоқсандағы №486 бұйрығымен бекітілген «Білім беру ұйымдарын бағалау өлшемшарттарымен» таныстырып, оқу жұмыс жоспарлары мен ұйымдастырылған қызметтің үлгілік оқу жоспарының талаптарына, білім беру қызметінің үлгілік оқу бағдарламасына сәйкестігіне және балалардың жасын ескере отырып, жас топтарын қалыптастыруға назар аудару қажеттігіне тоқталды.

Балабақша меңгерушілері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.

Білім беру ұйымдарына өзін-өзі бағалау жұмыстарының қорытындысын сапалы түрде жасап, білім беру ұйымының сайтына мерзімінде орналастыру ұсынылды.

2024 жылы 96 жеке балабақшаға мемлекеттік аттестаттау жұмыстары жүргізіліп, қорытындысымен бірінші реттен өте алмаған 68 (71%) балабақша екінші рет мемлекеттік аттестаттаудан өтуге мүмкіндік алды.