
Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының алқа мәжілісінде, 18 қаңтарда, департаменттің білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің бас маманы А.Игисинова «2023 жылы мемлекеттік бақылаудың қорытындысы және 2024 жылы мемлекеттік бақылаудың жаңа түрлері» тақырыбында баяндама жасады. Ол облыстағы білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау, жоспардан тыс тексерулер, білім беру ұйымдарына бару арқылы профилактикалық бақылау нәтижелерін жариялады.
2023 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік аттестаттаудан өткен білім беру ұйымдарының тиімділігі облыс үшін проблемалық мәселе болып қалуда: аттестациядан өтпеген білім беру ұйымдарының үлесі шамамен 60%-ды құрайды. Нәтижелерді жақсарту үшін департамент білім беру органдары мен білім беру ұйымдарының өзара іс-қимылын күшейтуді, өңірлердегі сарапшылардың тәжірибесін белсенді тартуды, уәкілетті органға қажетті материалдардың уақытылы дайындалуы мен сапасын бақылауды ұсынды.
Департамент өкілі өз баяндамасында білім бөлімдері мен мектептердің өзара тиімді әрекеттестігіне мысалдар келтірді: Арқалық қаласы, Амангелді, Әулиекөл аудандарындағы мемлекеттік аттестаттау кезеңінде болмаған шағын жинақты мектептерінде тамақтану орындарын ұйымдастыру, Ұзынкөл ауданындағы шағын жинақты мектеп ғимаратының жылу жүйесін мектептен бөлек шығару мәселесін шешу және т.б.
Баяндама аясында 2024 жылы енгізілген мемлекеттік бақылаудың жаңа түрлері – Біліктілік талаптарға сәйкестікті тексеру, бақылау субъектілеріне бару арқылы профилактикалық бақылау туралы түсіндірме берілді. Облыстық білім басқармасы мен білім бөлімдерінің басшыларына нормативтік-құқықтық актілердің тізбесі, тексерулерге қойылатын талаптар, шарттар және оларды жүргізу тәртібі таныстырылды.
Енгізілген тексерулер бойынша департамент білім бөлімдері мен білім беру ұйымдарымен түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.