
Қостанай облысының білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесінде Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің 2022 жылы жүргізген мемлекеттік бақылау шараларының қорытындысы жасалды. 2022 жылы 105 білім мекемесінде мемлекеттік аттестаттау өткізілді (37 балабақша, 68 мектеп), ұсынымдарды орындау және шағымдар бойынша 40 мерзімнен тыс бақылау, 46 мекемеде мемлекттік аттестациядан қайта өту шарасы өткізілді. Мемлекеттік аттестациядан өтетін 105 мекеменің тек 24,8% сәтті өтті.
Мерзімнен тыс бақылау бойынша берілген ұсыным уақытында жойылмағаны үшін 20 әкімшілік іс қозғалып, жеке және заңды тұлғаларға айыппұл салынды. Айта кету керек, заң бұзушылықтың басым бөлігі саланың материалдық-техникалық базаның, біліктілік талаптарға сай болмауында және тиісті қаражаттың бөлінбеуімен байланысты. Жалпы орта білім беру мектептердің жанында ашылған шағын орталықтардың жұмысына да тиісінше көңіл бөлінбейтіні байқалады. Мемлекеттік аттестаттау, мекемеге бару арқылы жүргізілген профилактикалық бақылау, жоспардан тыс тексерулердің қорытындысы білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру және нормативтік-құқықтық актілерді сақтау, сондай-ақ материалдық-техникалық, кадрлық қамтамасыз ету бойынша проблемалар бар екенін көрсетті.
Департаменттің жүргізген мониторингтері өңірлік білім мекемелері күрделі жөндеулермен, ағымдағы жөндеулермен қамтудың, мектептерді жиһазымен, спорттық жабдықтармен және компьютерлік техникамен, оқу әдебиеті қорымен, колледждерді жаңа жетілдірілген жабдықтармен қамтамасыз етудің оң динамикасы көрсетілгенімен, әлі де болса ауылдық және шағын жинақты мектептерге тиісті көңіл бөлінбейді, жергілікті жерлерде мектептерді біліктілік талаптарға сәйкестендіру бойынша мәселелер жеткілікті түрде шешілмейтіні байқалады.
Кеңес барысында Қостанай қаласының, Алтынсарин ауданы бойынша мемелекеттік аттестацияларының қорытындысы тыңдалды. Отырыс қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес өңірдің білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдарға тиісті шешімдер шығару үшін ұсыныстар енгізді.