
8 желтоқсанда Қостанай облысына Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитетінің төрағасы Жұмашев Қаныбек Бекболатұлы келді. Кездесуде білім сапасын арттыру, «Адал азамат» бағдарламасын жүзеге асыру, аттестация және академиялық адалдық мәселелері талқыланды.
Қостанай қаласындағы №19 жалпы білім беретін мектепте білім бөлімдері басшылары және мектеп директорларымен кездесу өтті. Ал «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған Заречный №1 жалпы білім беретін мектебінде Қостанай ауданының педагогтерімен кездесу ұйымдастырылды.
Қаныбек Бекболатұлы мемлекет педагогтерге жүйелі қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті: жалақы өсірілді, оқу жүктемесі азайтылды, қосымша төлемдер мен стипендиялар кеңейтілді.
Барлық атқарылған шаралар білім сапасын арттыруға және елдің белсенді, саналы жаңа буынын тәрбиелеуге бағытталған. Сондай-ақ аттестация мәселелері қаралып, педагогтерге толыққанды жауаптар берілді, ұсыныстар тиісті органдарға жолданатын болды.