Облыс әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы Бөлекпаевтың төрағалығымен педагогикалық қызметкерлердің тамыз саммиті өтті.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаев білім беру жүйесінің ағартушы қызметкерлерін бейнеролик арқылы құттықтап, Мемлекет басшысының білім сапасын арттыруға қатысты тапсырмасын орындау мақсатында табысты, нәтижелі жүзеге асырылған іс-шаралардың қорытындысын жасап, алдағы оқу жылына басым міндеттерді айқындады.
Департамент басшысы Шынар Қуанышқызы Акпарова «Педагог мәртебесі туралы» Заңының негізінде педагогтерге қолдау көрсету, өзінің адал еңбегімен аса үздік жетістіктерге жеткен педагогтерді мемлекеттік наградалармен марапаттау, көтермелеу жүргізу аясындағы ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан жүргізілген шаралар туралы айтып өтті. Сонымен қатар Министрліктің бастамасымен мектептердің инфрақұрылымын дамыту, дарынды балаларды қолдау, инклюзивті оқыту, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік қолдаулар, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, техникалық және кәсіптік оқыту ұйымдарының өнімдерді шығаруын қолдау, мобильді қосымшаның көмегімен ерте жастағы балалардың дамуындағы ата-аналардың құзыреттілігін арттыру, білім сапасын бағалаудың Ұлттық жүйесінің қалыптасқан жаңа моделі, мемлекеттік бақылау тетіктерінің жаңашылдығы бағытында қолға алынған бірқатар кешенді жұмыстарға тоқталды.