
Бүгін, 24 мамырда, өңіріміздің барлық мектептерінде 2023-2024 оқу жылын қорытындылау мақсатында «Білімім – Отаныма» тақырыбында жалпыреспубликалық тәрбие сағаты өткізілді. Департаменттің маманы А.Мергенбекова Қарағанды қаласындағы С.Сейфуллин атындағы гимназиясының оқу жылын қорытындылау рәсіміне қатысты.
Тәрбие сағаты барлық сыныптарда Әнұранмен басталды. Білім алушылар мен педагогтерді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаев видеоролик арқылы арнайы құттықтады.
Одан әрі әрбір сыныпта 2023-2024 оқу жылындағы оқушылардың мәдени-танымдық, шығармашылық, спорттық, ғылыми бағыттардағы, білім додасындағы қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі конкурс, олимпиадаларға қатысуы бойынша жетістіктері насихатталды.
Сонымен қатар 9, 11 сыныптың түлектері «Мен. Мектеп. Ұстаз» тақырыбында мектеп қабырғасындағы балалық шақтан болашаққа қадамы туралы өз ойларымен эссе жазу арқылы бөлісті.
Сынып сағаты соңында әрбір оқушыға жазғы каникул кезінде уақытты тиімді ұйымдастыру, қауіпсіздік шаралары, оқуға кеңес берілген көркем әдебиеттер, т.б. қызықты, әрі пайдалы ақпараттар мен QR-коды берілген «Қызықты жазғы демалыс» GUIDEBOOK таратылды. Осылайша оқушылар сыныптастарына жылы лебіздерін білдіріп, естелік фото-суреттерге түсіп, 2023-2024 оқу жылын қорытындылады.
Құрметті оқушылар, ата-аналар, педагогтер! Сіздерді оқу жылының аяқталуымен құттықтаймыз! Көңілді жаз, қызықты демалыс, жаңа оқу жылына жігерлі күш жинап оралуларыңызды тілейміз.