
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғ. Б. Бейсембаевтың білім алушылардың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз етуді бақылау мақсатында берілген тапсырмасына сәйкес білім беру ұйымдарының жаңа 2023-2024 оқу жылына дайындығына кешенді мониторинг жүргізілді.
Мониторингпен орта білім беретін 418 мектептердің барлығы қамтылды.
Мониторинг жүргізуге «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Қарағанды облысы бойынша филиалының қызметкерлері мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің педагогтері тартылды.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 5 мемлекеттік мектепте, атап айтқанда Бұқар жырау ауданының А.Байтұрсынұлы атындағы, Нұра ауданының Ж.Аймауытұлы атындағы Теміртау қаласының №32 орта мектептерінде, облыстық мамандандырылған №2 Білім-инновация-лицейі және 2022 жылдан бері мектеп ғимаратының апатты жағдайда болуына байланысты №1 арнайы мектеп-интернатының ғимаратынакүрделі жөндеу жұмыстары, ал Осакаров ауданының № 28 орта мектебінде ғимаратты қайта құру, яғни реконструкция жүргізілуде.
Ұсынылған құрылыс саласындағы жұмыстарды сатып алу туралы шарттары мен ғимараттарды күрделі жөндеу бойынша өндірістік жұмыс кестелеріне сәйкес жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімдері 4 мектепте 25 - 31 тамыз аралығында болса, №1 арнайы мектеп-интернатында ағымдағы жылдың 31 желтоқсаны, ал Осакаров ауданының № 28 орта мектебінде 2024 жылдың қыркүйегіне дейін белгіленген.
Биылғы оқу жылында Осакаров ауданының № 28 орта мектебінің 107 оқушысының 61-і Молодежный кентінде орналасқан Қ.Сәтбаев және Абай атындағы мектептерге 20 орындық автобус пен 16 орындық газельмен тасымалдау арқылы оқыту жоспарланып отыр, қалған 46 оқушы Молодежный кентінде тұрады.
№1 арнайы мектеп-интернатының оқушылары былтырғы жылдан бері бұрынғы «Құлыншақ» балалар үйінің ғимаратында оқытылуда, биылғы жылы осы ғимаратта оқу үдерісін жалғастырады, жөндеу жұмыстарын қазан айының соңына дейін бітіру күтілуде.
Сонымен қатар, 1947 жылы салынған апатты жағдайдағы Қарағанды қаласының № 44 негізгі орта мектебінің ғимаратын бұзып, орнына жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Мектеп оқушылары уақытша №64 негізгі орта мектепке ауыстырылды.
Оқу-ағарту министрлігі тарапынан әкімдікке оқу жылы басталғанға дейін, сондай-ақ жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталмайтын білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдап, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру үшін білім алушылардың уақытша орналасу орындарын айқындау ұсынылды.
Жүргізілген мониторинг біздің балаларымызға сапалы білім берудің және білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындық деңгейін арттырудың негізгі құралы болып табылады.