Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі № 114-НҚ бұйрығымен бекітілген «Меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу қағидаларына» сәйкес, 2026 жылғы 7 қазаннан 6 қарашаға дейін облыс көлеміндегі 15 жалпы білім беретін ұйымның 4 және 9-сынып білім алушылары арасында компьютерлік форматта кешенді тестілеу өткізу басталды.
Өз кезегінде, Атырау қаласындағы «№ 42 Н. Балғымбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп» және «№ 41 Ә. Кекілбайұлы атындағы мектеп-гимназиясында» өткізілген тестілеуге Департамент қызметкерлері бақылаушы ретінде қатысты.
Тестілеу басталғанға дейін Департамент қызметкерлері білім беру ұйымдарының әкімшілігі мен педагогтеріне кешенді тестілеуді өткізу барысында академиялық адалдық қағидаттарын қатаң сақтау, тестілеу рәсімінің белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ іс-шараларды қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өткізу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кешенді тестілеу барысында белгіленген тәртіптің сақталуына және тестілеу рәсімінің талаптарға сәйкес ұйымдастырылуына бақылау жүргізілді.
2026 жылғы 30 қыркүйекте Атырау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы Б. Таишев азаматтармен жеке қабылдау өткізді.
Қабылдау барысында азаматтар жалпы білім беру ұйымдарының мемлекеттік аттестаттаудан өту тәртібі, сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында білім беру қызметін жүзеге асыру үшін лицензия алу мәселелері бойынша сұрақтарын қойды.
Көтерілген мәселелер бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты түсіндірмелер беріліп, азаматтардың өтініштері назарға алынды.
Қабылдау барысында Департамент басшысы азаматтардың өтініштерін мұқият тыңдап, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты түсіндірмелер берді.
2026 жылғы 25 қыркүйекте Атырау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің білім беру қызметін лицензиялау бөлімінің басшысы А. Сәлімгерейқызы комиссия мүшелерімен бірге Атырау облысы Білім беру басқармасының Жылыой ауданы білім бөлімінің «№26 жалпы білім беретін орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде рұқсаттық бақылау жұмыстарын жүргізді.
Рұқсаттық бақылау барысында білім беру ұйымының лицензия алуға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі зерделенді.
Атап айтқанда, қажетті құжаттардың болуы, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы, өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуы, сондай-ақ білім беру процесін ұйымдастыруға қажетті материалдық-техникалық базаның жай-күйі қаралды.
Рұқсаттық бақылау жұмыстарының негізгі мақсаты – білім беру ұйымының белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету және білім алушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру.
Департамент тарапынан білім беру ұйымдарына қойылатын рұқсаттық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру және консультациялық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың 14-18 қыркүйегі аралығында облысымыздағы жеке мектепке дейінгі білім беру ұйымдарды бағалау жүйесі жаңартылып, мемлекеттік аттестаттау жаңа форматта жүргізілуде.
Департаменттің білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл М. Кәрім жеке мектепке дейінгі білім беру ұйымдарды мемлекеттік аттестаттау рәсімін жүргізуге тартылған сарапшыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Атырау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті «Меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі №114-НҚ бұйрығы талаптарына сәйкес жүргізеді.
Атап айтканда:
-мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты талаптарының орындалуы;
-педагогтердің біліктілік талаптарына сәйкестігі;
-оқу-тәрбие процесінің ұйымдастырылуы;
-тәрбиеленушілердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
-материалдық-техникалық базаның жай-күйі;
-құжаттаманың қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі қаралады.
Мемлекеттік аттестаттау – білім беру ұйымдарының қызмет сапасын бағалауға, заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге және білім беру сапасын одан әрі арттыруға бағытталған маңызды рәсім.
2026 жылғы 3 қыркүйекте Департаменттің білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл М. Кәрім қыркүйек, қазан айында аттестациядан өтетін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының құрылтайшылары мен меңгерушілеріне білім беру ұйымдарын аттестаттаудан өткізу тәртібі бойынша Zoom платформасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі №114-НҚ бұйрығымен бекітілген білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудың жаңа қағидалары түсіндірілді.
Онлайн кездесу барысында аттестаттаудың мақсаты мен міндеттері, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қойылатын негізгі талаптар, аттестаттау рәсімінің кезеңі, қажетті құжаттарды ұсыну тәртібі және аттестаттау қорытындылары бойынша қабылданатын шешімдер түсіндірілді.
Кездесу соңында қатысушылардың сұрақтарына жауап беріліп, аттестаттауға дайындық және оны өткізу тәртібі бойынша тиісті түсіндірмелер берілді.
Ағымдағы жылдың 31 тамызында Департамент жанындағы педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібінде Атырау облысының Полиция департаментінің 2026 жылғы 7 тамыздағы хатына сәйкес, Абай атындағы оқушылар орталығы жанындағы күндізгі лагерь тәрбиешісіне қатысты ата-ана М. Әділгереевадан түскен арыз қаралып, зерделеу нәтижелері бойынша төмендегідей шешім қабылданды.
Абай атындағы оқушылар орталығының жауапты тәрбиешісінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қолданыстағы еңбек заңнамасында көзделген тәртіппен жауапкершілік мәселесін қарау жөнінде жұмыс берушіге ұсыным енгізілді.
Орталықтың ережесіне сай білім алушылардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында педагогтермен түсінік жұмыстарын жүргізіп, атқарылған жұмыстардың қорытындысын дәлелдеме құжаттармен бірге Департаментке ұсыну тапсырылды.
Сондай-ақ, кеңес мүшелері педагогтардың құқықтары Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңымен қорғалатындығы туралы түсіндірме берді.
2026 жылғы 21 тамызда Департаменттің білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл М. Кәрім Атырау облысының Caspian news телеарнасындағы "Таразы" теле бағдарламасына «ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ: ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР БАР?» тақырыбында тікелей эфирге сұқбат берді.
Тікелей эфир қонақтары, спикерлер: Зарина Мақсотқызы Әбдірахманова, Атырау қалалық Білім беру бөлімі басшысының м.а., Аниса Имашқызы Оңғаралиева, №3 мектеп-гимназия директоры, Злиха Қадырбайқызы Дүйсекенова, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз.
Білім беру саласындағы білім сапасы, әдеп қағидаттарын сақтау, педагог мәртебесі мен педагогтардың әдеп нормалары, оқушылар үшін қауіпсіздік пен жайлы ортаны қамтамасыз ету, жаңадан пайдалануға берілетін білім беру ұйымдары, 3 ауысымды мектептерді жою, сондай-ақ білім беру инфрақұрылымының толық дайындығын қамтамасыз ету, мектептерді қажетті ресурстармен уақытылы жабдықтау мәселелері қозғалды.
2026 жылғы 21 тамызда Атырау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы Б. Таишев азаматтармен жеке қабылдау өткізді.
Қабылдауға «Сәуле Kids» жеке мектепке дейінгі білім беру ұйымының құрылтайшылары лицензия алу туралы мәселесімен келді.
Департамент басшысы Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2027 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдардың қызметін лицензиялау енгізілетіндігін, кадрлық қамтамасыз етуге, материалдық-техникалық базаға, оқу-әдістемелік қамтамасыз етуге және білім беру қызметін жүзеге асыру жағдайларына қойылатын біліктілік талаптарының мәнін, сондай-ақ лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алу тәртібін, қажетті құжаттар топтамасын қалыптастыру мәселелерін түсіндірді.
Қабылдау барысында Департамент басшысы азаматтардың өтініштерін мұқият тыңдап, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты түсіндірмелер берді.
Ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен елімізде балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталықтарының қызметін міндетті лицензиялау енгізілді.
Лицензиялау талаптары медициналық қызмет көрсетудің ұйымдастырылуын, қауіпсіздік жүйелерінің болуын, бекітілген білім беру-сауықтыру бағдарламаларын іске асыруды, санитарлық нормалардың сақталуын және балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалуына қажетті инфрақұрылымның болуын қамтиды.
Жаңашылдық жыл бойы және маусымдық жұмыс істейтін орталықтарға қатысты және балаларға білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін мемлекеттік те, жекеменшік ұйымдарға да қолданылады.
Осы уақыт аралығында департамент тарапынан Атырау облысы бойынша мемлекеттік 2 маусымдық балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталығына қолданыстағы заңнама тәртібімен лицензия берілді.
Жазғы маусымда аталған орталықтарда барлығы облыс балалары тынығып, бос уақытын тиімді пайдаланып, қосымша біліммен, түрлі бағыттағы үйірмелермен қамтылуда.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Н. Ғабдушев Атырау облысына жұмыс сапарымен келді.
🔹Жұмыс сапары барысында Комитет төрағасының орынбасары Департамент ұжымымен кездесіп, білім сапасын қамтамасыз ету бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
🔹Кездесу барысында білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету, мемлекеттік бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру, білім алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
🔹Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – мемлекеттік қызметшілер мен білім саласы мамандарының ортақ міндеті екені атап өтілді. Осы бағытта қызметтік әдеп нормаларын сақтау, шешім қабылдау кезінде заңдылық пен ашықтық қағидаттарын басшылыққа алу, мүдделер қақтығысына жол бермеу және азаматтардың өтініштерін қарау барысында объективтілік пен әділдікті қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жемқорлық тәуекелдерін ерте анықтау және олардың алдын алу, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде ашықтықты қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығы сөз болды.
🔹Кездесу соңында Департамент ұжымына білім беру сапасын арттыру, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар міндеттер белгіленді.