
19 қыркүйек күні Астана қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті №75 мектеп-гимназияның мәжіліс залында мемлекеттік аттестаттауға жататын білім беру ұйымдарын аттестаттауға тартылатын 105 сарапшының қатысуымен семинар өткізді.
Департаменттің бас маманы Гүлдана Ермекова сарапшыларға мемлекеттік аттестация рәсімін жүргізу бойынша ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізді. Сарапшылардың міндеттері, қабылдайтын шектеулеріктері бойынша ақпарат жеткізілді. Ең бастысы комиссия мүшесі ретінде оъективтілік пен әділдікті қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу қажеттілігі баса айтылды.
Шараға ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің бас сарапшысы Гүлжиян Жүсіпқалиева қатысты. Ол қатысушыларға бақылау шарасын өткізу барысында білім беру ұйымдары ұсынатын білім беру қызметтерінің сапасын анықтау жолында қолданылатын нормативтік-құқықтық актілерді білу маңыздылығын жеткізді.
Сонымен қатар қалалық әдістемелік орталықтың өкілі Ақбота Есаматова мемлекеттік аттестациядан өтетін мектептерге әдістемелік көмек көрсету жұмысының шеңберінде жиі кездесетін кемшіліктер және назар аударатын мәселелерге тоқталды.
Қазан айында басталатын департамент пен қала мектептері үшін жауапты, ауқымды шара сәтті өтетініне сенім білдіреміз.