Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл
Ақмола облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, білім беру қызметтерінің сапасын арттыру және Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдармен тығыз өзара іс-қимыл жасайды.
Өз қызметі шеңберінде Департамент жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды, азаматтарды жеке қабылдайды және өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсіндірме береді. Қаралуы басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын өтініштер тиісті мемлекеттік органдарға әрі қарай қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін жолданады. Атап айтқанда, бұл білім беру қызметін лицензиялау, жаңа білім беру жобаларын келісу, білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және уәкілетті органдардың қатысуын талап ететін өзге де мәселелерге қатысты.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Департамент білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын дамытуға, педагогтердің бастамаларын қолдауға, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын енгізуге, қаржыландыру жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ педагогтердің біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шараларға қатысады. Ауылдық және шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаларды іске асыруға ерекше назар аударылады.
2026 жылғы 14 сәуірде Департамент басшысы О.Қаппасовтың төрағалығымен онлайн форматта «Мониторинг қорытындылары, проблемалық мәселелер» тақырыбында білім бөлімдерінің, облыстық мектеп-интернаттардың, орта білім беру ұйымдарының, мектепке дейінгі ұйымдардың, балаларды сауықтыру орталықтарының басшылары мен мамандарының қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті.
Кеңес барысында білім беру ұйымдарын 2026–2027 оқу жылына дайындау, балаларды бірінші сыныпқа қабылдау, оқулықтармен қамтамасыз ету, оқу кабинеттерін заманауи талаптарға сәйкес жабдықтау, мектептерге күрделі жөндеу жүргізу және жаңа мектептер салу, сапалы білім беру процесін ұйымдастыру, 10–11-сыныптарға арналған үлгілік оқу жоспарларының тиімділігі, сондай-ақ жекеменшік білім беру ұйымдарын тексеру нәтижелері қаралды.
Кеңес қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарына анықталған кемшіліктерді жою және жаңа оқу жылына сапалы дайындықты қамтамасыз ету жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.
2026 жылғы 16 сәуірде Департамент басшысы О.Қаппасов Қазақстан Республикасы Балалар-жасөспірімдер туризмі және демалысы республикалық қауымдастығының төрағасы Қ.Сұлтановпен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында қосымша білім беру саласындағы заңнама талаптарын сақтау, жыл бойы және маусымдық жұмыс істейтін балаларды сауықтыру орталықтарының қызметін ұйымдастыру, білім беру қызметін лицензиялау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау және көрсетілетін білім беру мен сауықтыру қызметтерінің сапасына бақылауды күшейту мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің отырысы аясында Департамент басшысы өткен аптадағы жұмыс қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы ақпарат ұсынды.
Отырыста жаңа оқу жылына дайындық, бірінші сыныпқа балаларды қабылдау, оқулықтармен қамтамасыз ету, жөндеу жұмыстарын жүргізу, «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру, білім беру ұйымдарын лицензиялау, жекеменшік мектептерге тексеру жүргізу, білім сапасына мониторинг жасау, конкурстық рәсімдерді бақылау және азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
2026 жылғы 15 мамырда Ақмола облыстық мәслихатының отырысында білім беру саласындағы реформаларды іске асыру, оқу жылын аяқтау және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Департамент басшысы О.Қаппасов отырысқа қатысушыларды оқу жылын аяқтау және балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудың өзекті мәселелері туралы хабардар етті.
Балалардың білім беру және сауықтыру орталықтары қайтадан қосымша білім беру жүйесіне енгізілгені, ал 2026 жылғы 1 сәуірден бастап олардың қызметін лицензиялау енгізілгені атап өтілді. Лицензия алу үшін ұйымдар білім беру бағдарламаларының, білікті педагог кадрлардың, медициналық пункттің, тамақтандыру объектілерінің, қауіпсіздік жүйелерінің, балалардың тұруына арналған жағдайлардың және тиісті материалдық-техникалық базаның болуын қамтамасыз етуге міндетті. Өтініштер мемлекеттік электрондық порталдар арқылы қабылданады.
2026 жылғы 30 маусымда Департамент басшысы Ақмола облысы білім басқармасының «2025–2026 оқу жылының қорытындылары туралы» алқа отырысына қатысты.
Отырыс барысында өңірдің білім беру жүйесінің қызмет қорытындылары шығарылып, оны одан әрі дамытудың басым бағыттары айқындалды. «Дене шынықтыру» және «Бастапқы әскери және технологиялық даярлық» оқу пәндерін оқыту, туристік-өлкетану және экологиялық бағыттағы қосымша білім беруді дамыту, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.