
Ұстаз – ұлағатты да қастерлі сөз. Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. «Ананы қалай ардақтасақ, ұрпақ тәрбиелейтін ұстазды да солай ардақтауға міндеттіміз», – деген екен Бауыржан Момышұлы.
Қай уақытта болсын біздің қоғамымыз ұстаздарға деген өзінің жоғары құрметін көрсетіп келеді.
Соңғы 60 жылда Қазақстанда «Еңбек Ері» деген жоғары атаққа сегіз педагог ие болды (Р.Нұртазина – 1968 ж., Әбсеметов Қ.Ә. – 1978 ж., М.Тасова – 1978 ж., А.Миразова – 2008 ж., А.Соловьева – 2018 ж., А.Шүкiжанова- 2023 ж., Г. Нұрпейісова – 2024 ж., Э.Траисова- 2024 ж.).
Оның ішінде Алматы облысынан алғашқы болып, 1978 жылы жоғары еңбек жетістіктері үшін Қарғалы орта мектебінің директоры, тарих пәнінің мұғалімі Құдыс Әбсеметұлы Әбсеметов (1920-2007 жж.) «Еңбек Ері» атағына ие болды.
Құдыс Әбсеметұлының өмірі мен еңбегі ұстаздық қызметке деген адалдық пен жауапкершіліктің үлгісі болды. Ол:
- Алматы мұғалімдер институтын (1939-1941 жж.) тәмамдаған.
- Қазақ педагогикалық институтының (1949 ж.) сырттай бөлімінде білім алған.
- Жамбыл ауданының №1 Қарғалы орта мектебінің мұғалімі, кейін мектеп директоры оқу ісі жөніндегі орынбасары (1949 ж.) және мектеп директоры (1957 ж.) қызметін атқарды.
- 1966 жылы салынған №2 орта мектептің директоры болды, кейіннен №1 Қарғалы орта мектебіне бұрынғы қызметіне қайта оралды.
Құдыс Әбсеметұлының еңбегі мен үлгісі қазіргі ұстаздар мен жастар үшін маңызды әрі қажетті. Ұстаздарымыздың еңбегін құрметтеп, олардың мәртебесін арттыру – біздің ортақ міндетіміз.